Шымкенттегі конгресс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамту мәселесіне арналған жұмыс берушілердің облыстық форуымы өтті.
Онда барлық жұмыс берушілерге арналған үндеу қабылданды. Сонымен қатар 1-наурыздан басталғалы отырған «Бәріміз біргеміз, мықты болсын іргеміз» акциясы аясында тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматтарды жұмыспен қамту ісі күшейетіні айтылды.
Яғни өңіріміздегі 30 мыңнан астам орта және ірі кәсіпорындары бір-бір мүгедек жанды жұмысқа қабылдап, қамқорлыққа алмақ. Бұл бастаманы облысымыздағы кәсіпкерлер бір ауыздан қолдады.
Ал министр ханым Оңтүстікте өткен форумды өзге өңірлерге үлгі болуы керек деген пікір айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің үндеуін еліміздегі 340 мыңнан астам кәсіпорын ұжымдары қолдауы қажет дейді. Сонда ғана алға қойған мақсаттарды, мүдделерді жүзеге асыруға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қоғамның өзекті тұстарына қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек болатынын айтты. Егер ол кісілер мүгедек жандардың еңбекке жарамдысын жұмысқа қабылдаса, азаматтарды оқыту және басқа да бірқатар шығындарды мойнына алады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Біз кәсіпкерлердің өзіне жұмысқа тартыңдар деп қана қоймай, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында қандай көмек болатынын да түсіндіріп жатырмыз. Егер кәсіпкерлердің қарамағында осындай жарымжан жандар жұмыс істеп жатқан болса, ол азаматтардың мамандығын көтеру қажет болатын болса, соларға қажетті қаржының 70 пайызын біз беріп, 30 пайызын кәсіпорындардың өздері көтереді. Егер кәсіпкерлер енді ғана ашылып, әлі де көмек керек болатын болса, әлеуметтік орындарды ашуына болады. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы еңбек ақысының 35 пайызын біз төлеп отырамыз. Ал қалған 65 пайызын жұмыс берушінің өзі төлеп отырады. Осы мүмкіндіктерді кәсіпкерлерге айттық.»