Қаладағы мектеп жанынан ашылған жылыжайларға маман қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жыл басында тексеру жүргізіп, осындай қорытындыға келді. Жылыжайдың ішінде жылытқыш генератор орнатылғанымен, ол ауаны ғана жылытады, ал топырақтың температурасы төмен, сондықтан да еккен өнім бітік шықпайды дейді олар.
Жерінің көлемі 3 соттық бұл жылыжай № 51 мектепке тиесілі. Оны жандандыруға білім бөлімі 1 миллион 431 мың теңге бөлген. Алғашқы жылдары қияр мен қызанақ егіліп, өнім алынған. Тонналап алмаса да, көкөніс мектеп асханасы мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына беріліпті. Ал № 77 мектеп-лицейіндегі жылыжайда үш жыл бойы қызанақ егілуде. Мұнда голландық қызанақтарды баптап өсіруге мектептің менеджері бекітілген.
Бақыт Молдақұлов, Асанбай Асқаров атындағы № 77 мектеп-лицейдің менеджері: «354 түп «Буран Ф-1», «Даниель» деген қызанақтар бар, бұларды өсіріп-баптауды енді үйреніп жатырмыз. Бұрын айналыспағанбыз. Әркімнен сұрап, әйтеуір, тіршіліктің қамын күйттеп жатырмыз. Шетелден келген бұл өсімдіктер біздің топырақты жатсынып жатыр. Шымкенттің топырағы сары ғой. Оған кәдімгі қи араластырдық, бірақ әлі де нашарлау. Қолға алып, құнарлығын көтеретін болсақ, жақсы өнім аламыз деп ойлаймыз.»
Маманның айтуынша, былтыр 500 келіден жоғары өнім жиналыпты. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жақсы өнім алу үшін жұмысқа саланың маманы араласуы керек, сонда қазіргідей топырақтың құнарлылығы төмен болмас еді дейді.
Мүтәлі Оразбайұлы, ауыл шаруашылығы басқармасының өнімдерді қайта өңдеу және инновациялық-технологияларды енгізу бөлімінің бас маманы: «Ең жетіспейтіні — маман. Жылыжайдың жұмысын мектеп директорлары мен шаруашылық бөлімінің меңгерушісінеа жүктеп қойған. Олар бұл тірліктің бүге-шүгесін білмегендіктен, кешегі суықта қияр мен қызанақтарын үсітіп алғандар да бар. Ең бастысы — жылу жағы дұрыс емес. Жылыту жүйесі істеп тұрғанымен, ол тек ауаны ғана жылытады, топтырақты жылыта алмайды. Ал ең маңыздысы — топырақ емес пе? Оның жылуы 17-18 гардустан төмен түспеуі керек. Сонда барып өсімдік жақсы бой көтеріп, өнім береді.»
Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары топырақты жылыту үшін жылытылған құбыр жүргізу керек дейді. Ал қаралған қаржыға ол тұстар енбеген. Жалпы, қала бюджетінен 3 жыл бұрын 13 мектепте жылыжай салуға 16 миллион теңге бөлінген. Сандарды ғана нақтылаған басшылар проблеманы басқамен байланыстырады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kzjSllxc1ZM[/youtube]
Ерлан Пірімқұлов, қалалық білім бөлімінің бас маманы: «Бізге қыс ауасы сәл қиындау. Қазір газдың мөлшері азайды. Бізге, негізінен, ақпан айының ортасынан бастап жайлы. Сол кезде ұрықты себе бастаймыз.»
Мектеп қажеттілігіне жарап, салалық пәндерді іс-тәжірибемен байланыстыру үшін қолға алынған тірлік о баста жүйеленбеген. Оны уақыт өте барлығы сезініп отыр. Қазірдің өзінде тиісті дәрумендер мен тыңайтқыш алуға қаржы тапшы. Ал оның барлығын іске асыратындар — әзірге сол мұғалімдердің өзі.