Шымкентте алғашқы рет ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеге 107 кәсіпорын қатысты. Олар келушілерге мыңға жуық бос орын ұсынды.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 106 мыңнан астам мүгедек жан бар. Оның 70 мыңы экономикалық белсенді жастағылар саналады. 27 мыңы еңбек етуге жарамды саналады. Түрлі себептермен мүмкіндігі шектелген бұл жандардың 959-ында мұғалім, 480-інде медицина қызметкері және 844-інде жеңіл өнеркәсіп саласының маманы деген дипломдары бар. Жұмыс берушілер білімі сәйкес келгендерін жұмысқа алуға дайынбыз деп белсеніп отыр.
Мұхтар Әшірбаев, «Отау строй» ЖШС кадр бөлімінің басшысы: «Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс беруге дайынбыз. Ол кісілердің еңбек етуге деген ынтасы жоғары болады. Сол себепті де осы жәрмеңкеге қатыстық. Есепші мамандығы бойынша бір жігіт келді. Білімі бар, енді ептілігін байқаймыз.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=skPRN9hEBuw[/youtube]
Ал Зауре Мұрзаева ІІ топтың мүгедегі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс ұсынылатын жәрмеңкеге Түркістан қаласынан арнайы келген. Есепші мамандығын меңгерген ол тұрақты жұмысқа орналассам дейді. Бойының тым кішкентайлығын жұмысқа қабылдамаған кәсіпорындар да болыпты. Дегенмен Зәуре мойымайды, жұмыс берушілердің көптігі жанына жұбаныш сыйласа керек, бүгін жұмысбасты атанатынына сенімді болды.
Сөйтіп, санаулы сағаттарда жүзден аса азамат жұмыс тауып, көңілдерін демдеп қайтты. Жақсы нәтиженің куәсі болған министр Тамара Дүйсенова биыл елімізде бастауын алған «Кедергісіз келешек» акциясының мақсаты да осы деп қуаттады. Жұмыс орындарын ұсынған кәсіпкерлер арасында өндірісін енді бастаған кәсіпорын басшылары да болды.