Оңтүстікте тоқтап қалған кәсіпорын қайта жандана бастады

Кезінде ашылып, қайта жабылып қалған «Окси Текстайл» жіп иіру фабрикасы жұмысын қайта жандандырды. Қазір тоқыма кластерінің 30 пайызы іске кіріскен. Өйткені мекеме 4 миллиард теңгеге жуық қарызын қайтаруы шарт. Алайда несие сомасын қайтару бойынша әзірге нақты шешім жоқ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=OTo_prRo9ZM[/youtube]

Ниетбек Қанаев, «Окси Текстайл» ЖШС бас директоры: «Қазақстанның даму институттарымен тамыз айына дейін келіссөз жүргізіп жатырмыз. Екі жаққа да тиімді, ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын.»

Окси Текстайл

2010 жылы «Окси Текстайлдың» алаулатып-жалаулатып ашылған салтанатты рәсіміне Елбасының өзі де қатысып еді. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикі­затты өңдеуге бағытталған болатын. Тіпті, жоғары сапалы өнімімізбен Еуропаны да таң қалдырмақ болғанбыз. Алайда, 5,5 миллиард теңгенің жобасын шикізаттың жоғы мен қаржы айналымының аздығы есігін қара құлып күзетуге мәжбүр еткен-ді. Мәселені шешкен билік қазір бұл қиындық артта қалды деп сендіреді.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Шикізат бойынша қазір толық қамтамасыз етілген. Жергілікті кәсіпкерлердің шикізатымен 6 мың тоннаға келісім-шарт жасалған. Бұл дегені — шикізат бір жылдан астам уақытқа толығымен жетеді.»

Окси Текстайл

Окси Текстайл

Окси Текстайл

Окси Текстайл

Нөмірі 8-ден бастап 60-қа дейінгі жіп иіретін фабрика екі аптаның ішінде толық қуатта жұмыс істеуге кіріседі. Қазір Қытай тапсырыс берген жіпті осындағы 75 адам жасап жүр. Кәсіпорын толық күшіне енсе, мұнда 300-дей жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 6200 тонна жіп иірілетін болады. Айтпақшы, таяудағы көк ақша бағасының көкке ұшуы да нақ осы фабриканың оң жамбасынан келді дейді мамандар.