Шымкентте нан зауыты іске қосылды

1404

Шымкентте тәулігіне 150 мың нан шығаратын зауыт іске қосылды. Сөйтіп, бір бөлке нан 27 теңгеден әлеуметтік дүкендерге таратылады.

цехтың қызметкерлері

Миллионға жуық тұрғыны бар Шымкентте нан өнімдерін шығаратын бірнеше шағын наубайханалар болғанымен, сұранысты қанағаттандыра алмай келген-ді. Осыны ескерген облыс әкімдігі «Атамекен» копорациясымен бірлесіп, нан өнімдерін шығаратын цехты іске қосты.

«Атамекен» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін де ұн тартып келген. Енді нан өнімдерін пісіретін цехтың тұсауы кесілді. Жалпы жобалық құны 2,5 миллион АҚШ доллары болатын цехта өңірімізде теңдесі жоқ, Швецияның жабдықтары орнатылған. Мұнда күніне 150 мың дана нан пісіріліп, әлеуметтік дүкендерге жеткізіледі.

Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары: «Біріншіден, халыққа пайдасы тиеді. Екіншіден, бүкіл талаптарға сәйкес шығарылып отыр. Нан бағасын тұрақтандыруда септігін тигізіп қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр.»

Швецияның жабдықтары
Швецияның жабдықтары

Жаңадан ашылған жұмыс орнында 50 жұмысшы істейді. Солардың бірі — Ердос Қошанов. Оның цехтағы негізгі міндеті — дайын өнімді пешке салу, жаңа құрылғыны іске қосып, өшіру. Осылайша 70-ке жуық нан түрін пісіретін құрылғының қыр-сырын тез меңгеріп алған жас маман, ең бастысы, екі қолға бір күрек тапқанына қуанады. Оның айтуынша, зауытқа жұмысқа тұрысымен-ақ жаңа технологияны игеру үшін арнайы оқыпты.

цехтың көліктері

Еуростандарт технологиясын ендіруді көздеп отырған цехтың дайын өнімдері әлеуметтік дүкендерге босатылады. Өнімді тасымалдау үшін серіктестік 10 дана «Мерседес Спринтер» автокөлігін дайындаған. Одан бөлек кәсіпорын жаңа піскен нанды өндіріс орнынан тікелей сатуға шығаруды да қарастырып отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CkbTjjVkjG0[/youtube]

Мұрат Төлтебаев, «Атамекен» корпорациясы» ЖШС директоры: «Нан зауытының жалпы қуаттылығы 50 тонна ұнды құрайды. Бұл дегеніңіз — күніне 130-150 мың дана нан пісіру. Әлеуметтік маңызды нанның бағасын тұрақты түрде ұстап отыру — жергілікті биліктің кәсіпкерлерге қойып отырған негізгі талабы. Болашақта нан бағасының қымбаттамауына септігімізді тигіземіз деген ойдамыз.»

Салмағы 584 грамды құрайтын бөлке нан санитарлық талапқа да сай. Арнайы жабдықталған зертханада тексеріледі. Осылайша нан бағасын тұрақтандыруды көздеген цехтің өнімі шымкенттіктердің көңілінен шығады деп сенеміз.