Жастар орталығында — жаңа басшы. Облыстық мекемені басқаруға Ерлан Айтбаев тағайындалды. «Жайдарман» сахнасында «Ералаш» лақап атымен танылған жігіт «Көз тимесін» құрамасында ойнаған. «Нысана» әзіл-ысқақ театрында да тер төккен. Бұған дейін «Шымкент жастары» мекемесін басқарып, жастар саясатына білек сыбана араласқан жас маман.
Ерлан Айтбаев, облыстық «Жастар орталығы» МКМ директоры: «Басшылық қана емес, бүкіл облыстың жастары үміт артып отырғаннан кейін, үлкен қобалжу сезімдері бар. Уайымдап жүрмім. Ал қазіргі жоспарым, мақсатым, арманым да — жастар саясатын дамыту. Алдымен мен оны ауылдан бастамақпын. Ауыл-аймақтарға арнайы барып, жастармен жүзбе-жүз танысып, тыныс-тіршілігін бақылаймын. Қажет болса, олардың ата-аналарымен тілдесіп, мынау қылмысты, жұмыссыздық мәселелерін жойғым келеді. Аудан-аудандардағы жас кәсіпкерлердің қатарын арту да басты назарда. Атқаратын жұмыстар көп алда, сондықтан, сөзбен емес, мұны жұмысыммен дәлелдегім келеді.»