Тұрландықтар шатырдың азабын тартып жүр

Шымкентте жауған соңғы қар «Тұрлан» елдімекеніндегі тұрғындардың шыдамын тауысты. Іргетасы 70-жылдары қаланған үйдің шатыры ескіргені соншалық, төбеден аққан су қабырғаны сөге бастаған.

Тұрлан

Сондықтан елдімекеніндегі үйден қазір береке қашып барады. 20 пәтерлі баспананың қабырғасын зең басып, көгергеннен үйді күлімсі иіс жайлаған. Бұдан зәрезап болған тұрғындар қонақ шақырып, құда күтуден қалдық дейді. Айыптыны іздеп әуре.

Тұрлан

Қалдыкүл Тайталиева, үй төрайымы: «Кеше бір апта болды. Айқай болып алды. Өзіміз жабамыз. Ақша бер дейді. Ондай ақшамыз жоқ қой біздің. 50 мың, 100 мың ақшамыз болса, онда өзіміз жөндемейміз бе? Барлықтарынан су өтіп жатыр. Барлығы тозған үй. Арт жақтың бәрі түсіп, жан-жақтың бәрінен су кетіп жатыр. Өмір сүру қиындап барады.»

Тұрлан

Айгүл Кемелова, тұрғын: «Басшылар істеп берсін. Істемесе мен Назарбаевқа барам. Жазам. Осы үшін ақша  бөліп отыр ғой.»

Үй шатырын жаңарту керек. Шорт кесілген жауап осы. Бірақ ол да тұрғындардың есебінен жүреді. Өйткені, жаңартудың заңы солай. 40 жылдан бері жөндеу көрмеген үйдің жыртығын осылай ғана жамауға болады.

Алмагүл Тімбаева, Абай аудандық әкімдігінің Тұрлан елдімекеніндегі өкілдігінің нұсқаушысы: «Әрбір тұрғын үй — тұрғындардың жеке меншігі. Қазіргі таңда үйдің шатырын жаңарту — заңды. Бәріне тұрғындар түгелімен қол қойды. Жобалық-сметалық құжаты дайындалғаннан кейін мамандар бұл кісілермен тағы да хабарласады, келеді. Алдарынан өтеді.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cJSkcGThbew[/youtube]

Тұрлан елдімекенінде 2 және 3 қабатты 26 баспана бар. Мамандардың сөзінше, соның биыл екеуі ғана жаңғыртудан өтуі тиіс. Дегенмен, бағдарламаның қаржылай талабына келіспеген жергілікті жұрт көп. Демек, біз айтып отырған бұл баспана биыл да жөндеу көрмей қалуы ғажап емес.