Қарағанды қаласында 7-9-мамыр күндері ашық ел чемпионаты өтеді. Бұл дода Ұлы Отан соғысындағы жеңіске арналады. Турнир таэквандоның ITF түрінен өтеді деп жоспарланып отыр. Қалалық №11 шығыс жекпе-жек спорт мектебінің шәкірттері кезекті рет Қазақстан чемпионатына дайындалуда. Олар бұл жолы да Шымкенттің жүлде қоржынына алтыннан медаль салуға тырысып бағады.
Бүгінде жерлестеріміз оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Басты мақсат — кеншілер мекеніндегі сынақтан сүрінбей өту. Өйткені, бұл жарыста жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына іріктеу жүргізіледі. Оңтүстіктен кем дегенде 2 спортшы әлемдік аренада ептілігін сынға салуы тиіс екенін бапкерлер алға тартып отыр.
Таэквандоның ITF түріндегі жарыста өзін өзі қорғау жаттығуы бойынша да сынақ өтеді. Әр команда арнайы көрініс құрады. Оған шымкенттіктер де дайындалуда. Бүгінде команда құрамында бірқатар өзгерістер орын алған.