«Әділет кеңес береді» акциясы өтті

Билік партиясы бүгін әділет органдарымен бірлесе отырып, «Әділет кеңес береді» акциясын ұйымдастырды. Түрлі мәселелер бойынша заңгерлік кеңес алған азаматтар мұндай шараға биыл екінші рет қатысып отыр.

Әділет кеңес бередіСәрсенгүл Жүсіпова Нұротанның бұл акциясына Созақтан келіпті. Оның Теріскейден Шымкентке сабылуына басшысының ар-намысын қорлағаны себеп болған. Дәлелді себеппен жұмыстан қалған кісіге, айтуынша, аты дардай компанияның басшылығы ауыр сөз айтып, балағаттапты.

Сәрсенгүл Жүсіпова, Созақ ауданының тұрғыны: «Менің зейнеткерлікке шығуыма үш-ақ жыл қалды. 28 жыл бойы жұмыс істеген жерімде кешігіп те көрмеппін. Енді басым қатты ауырып, сұрана қояйын деп ем, ешкім телефонын алмады. Жағдайым қиындап бара жатқан соң, амалсыз үйде қалып ем, бастығым мені анамнан балағаттайды. Осы дұрыс па? Қызметін асыра пайдаланып, қарапайым жұмысшыны боқтауға ол құқылы ма, құқылы емес пе деп сіздерден сұрайын деп ем. Әлі ешқайда барғам жоқ. Сіздерге келдім. «Нұр Отан» бәрін жақсы тексеріп жатыр дегеннен кейін. Осы жағдайдан кейін қан қысымым 180-ге дейін көтеріліп кетіп, әлі түскен жоқ.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3ofBHHRzgYg[/youtube]

Жұмыстағы заңсыздық пен бейберекетсіздіктің түрлі құйтұрқылығы жайлы мамандар қажетті кеңестерді бергісі-ақ келген. Өкінішке қарай, жылына 4 рет қана өткізілетін осы бір акциядан санаулы адамдар ғана сұрағына жауап тапты. Өйткені, жалпы жұрт бұл шарадан хабарсыз. Ал баспасөз бен көгілдір экран арқылы хабарландыру мәселесіне қаржы бөлінбейді екен. Десек те, барымен базар қылған қызметкерлер түскен арыздың барлығы аяқсыз қалмайтынын айтады.

Әділет кеңес береді

Балжан Әліпбек, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары: «Кеңес бергеннен кейін келген кісілердің қолындағы құжаттарына қарап, оны тиісті мекемесіне жібереміз. Сол орындалғанша, сол кісі қанағаттанып, жауабын алғанша жұмыс істейміз.»

Республика бойынша барлық аймақтар мен облыстарда өткен бір күндік акция – жыл басынан бері жасалған екінші шара. Әділет қызметкерлерінің қорыта келгендегі кеңесі мынау: қандай жағдайға тап болсаңыз да Ата Заңның аясында амал етіңіз.