Биыл шөп қымбаттамайды дейді мамандар

Биыл шөп – көп! Шаруалар үшін жағымды ақпарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары айтып отыр. Өйткені, мал азық дақылдары бұл маусымда жылдағымен салыстырғанда 70 мың гектарға артық егілген. Сондықтан престелген жоңышқаның құны былтырғыдай аспандамайды деп сендіреді мамандар.

шөп

Қала тұрғыны Закир Махмудов қыстың қамын жаз ойлап жүр. Үйдегі ірі-қараға шөп алуға келген ол көтерме саудадағы престелген жоңышқаның қымбаттап кеткеніне аң-таң. «Былтыр бір пресс шөпті 250 теңгеден алсақ, биыл 300-350 теңгеден көтерме саудамен береміз деп жатыр. Әрине, көтерме сауда үшін бұл қымбат» дейді ол.

Алайда бұл қымбатшылық уақытша дейді ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандар. Өйткені, биыл шөп мол болады. Тек көктемде жауын-шашын көп жауғанына байланысты көк шалғын кеш орылған. Әйтпесе Қазығұрт, Отырар, Төлеби, Арыс және Сарыағаш аудандарындағы кәдеге аспай жатқан 20 мың гектар жер суармалы егістіктің қатарына қосылған. Әрі биыл жылдағымен салыстырғанда сояулы мал азығы көп егіліпті.

Айтжан Әлжанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Мал азығын ұлғайту мақсатында облыста 70 мың гектарға жуық жерге мал азығы егілді. Айтып кететін болсақ, арпа 17 мың гектарға, дәндік жүгері 12 мың гектарға, сояулы мал азығы – жоңышқа 30 мың гектарға ұлғайған. Соның нәтижесінен осы жылғы мал қыстату науқанында сояулы мал азығымен толығымен қамтамасыз етеміз деп ойлаймыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=BgbsE4Uj_F0[/youtube]

Былтыр да түстікте жем-шөп көп болыпты. Содан қалған 1200 тонна мал азығы биылғы төрт түлікке қажетті 2600 тонна шөптің тең жарымын құрап отыр. Енді оған биылғы орылатын көкті қоссақ, төрт түлік шөп атаулыға қарық болайын деп тұр. Тек бағасын алыпсатар аспандатып жібермесін деңіз. Дегенмен, бағаның бақылауда болатынын тиісті басқарманың мамандары айтып отыр. Бұл дегені – биыл престелген жоңышқа мен сабан бағасы 180 мен 250 теңгенің аралығында болуы тиіс.