Студенттік құрылыс жасағы жұмысын бастады

578

Биыл облысымызда студенттер үшін шарапаты мол шара жалғасын тапты. Студенттік құрылыс жасақтары өз жұмысын бастады. Салтанатты ашылу рәсіміне осы отрядта жұмыс жасайтын жастар жиналып, концерттік бағдарламасын ұсынды. Ұстаздар қауымы ақ тілегін білдіріп, демеу сөздер айтып, жастолқынға сәттілік тілесті. Ал жасаққа енді ғана қосылған 1-курстың шәкірттері алдыңғы «тәжірибелі» студенттерден алдағы шаруа жайында сұрап, қызығушылық білдіріп жүр.

Бағдат Батырбаев
Бағдат Батырбаев

Бағдат Батырбаев, студент:»Мен үшін студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасау абырой. Мәртебе дер едім. Себебі мен қазір университетте құрылыс және көлік мамандығын меңгеріп жүрмін. Сауатты маман атануым үшін бұл таптырмас тәжірибе ғой. Басы-қасына емес, жұмыстың қайнаған ортасында жүріп бар шаруаны үйреніп аламын. Мәселен, келешекте өзімнің тамағымды да өзім тауып, еліме табыс әкелетін маман атану үшін қазірден бастауым керек. Ал өткен жылы «Нұрсәт» шағынауданындағы зәулім ғимараттарды салуға атсалыстым. Қазіргі уақытта сол маңнан өтсем, өзімнің үлесімді қосқан үйлер көзіме ыстық көрінеді, қызыға да қараймын. Ал өзге де азамандастарыма айтарым, студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасау ешқандай қиын емес. Мен былтыр топтастарыммен бір нысанға түстім, әзіл-қалжың айтып, жұмыстың ауырлығын сезінбедім. Шаршау дегенді ұмытып, бір-бірімзге қолдау көрсетіп, ауыр дүниелерді бірге көтеріп тасыдық. Осылайша 2 айдың ішінде 100 мың теңге жалақы алдым. Оны өзімнің оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуыма, яғни жеке басыма жұмсадым. Биыл да Құдай қаласа, жұмысты бастап жатырмыз!»

Айтпақшы, биылғы жұмыс тобының құрамы әдеттегідей тек М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылыс және көлік факультетінің студентттерінен жасақталған. Өзге де оқу орнының жастары жоқтың қасы.Шараға мұрындық болып отырған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшылығынан себебін сұрағанымызда, бұған жауап та табыла кетті. Мекеменің жоғары, арнаулы оқу орындары және білім ұйымдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Сейітжан Әсіловтың айтуынша, өзге де жоғарғы оқу орындарына арнайы хатпен шыққан. Бірақ бастама нәтижесіз қалыпты.

 

Студенттер концерттік бағдарламасын ұсынды
Студенттер концерттік бағдарламасын ұсынды

Жіліктеп жазсақ, жекеменшік және өзге де университеттер студенттік құрылыс отрядын қолдауға және студенттерін оған қатыстыруға құлықсыз көрінеді. Жас шенеуніктің сөзіне сенсек, жастардың қоғамдағы белсенділігін айшықтап, оларды жазғы уақытта жұмыспен қамтып және болашақтағы мамандығы бойынша біліктілігін арттыратын шара әзірге осылай ақсап отыр.

Сейтжан Әсілов
Сейтжан Әсілов

Айта кетейік, биыл осы бастамға құрылыс мамандығының 450-ге тарта студенті қатыстырылмақ. Бұл былтырғымен салыстырғанда 50-ге артық. Облыстық жастар саясаты басқармасы басшылығының мәліметінше, студенттерге төленетін жалақыға биыл өзгеріс енгізілмеуі мүмкін. Өкініштісі сол – осы студенттік жасақтың жұмысын қадағалайтын және олардың атқарған жемісті жұмыстарын мақтана айтуы тиіс жастар басқармасының басшылығы бүгінге дейін студенттердің қай нысандардың құрылысына үлесін қосып, қай ғимаратты аяқтағанын анық айтып бере алмады.

Сейтжан Әсілов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:»Өткен жылы жалақыларының орташа көлемі – 40-50 мың теңге болған. Биыл да осы шамалас болуы мүмкін. Екі мердігер компания студенттердің атқарған жұмыс көлеміне қарап теңге төледі. Биыл да студенттік құрылыс жасақтарының барлығы Шымкент қаласында қызмет етеді. Себебі ауданға жіберу үшін олардың ол жақтағы жатын орны, тамағы деген сияқты мәселелер туындайды. Студент болғандықтан, олардың қалтасы көтере бермейтіні анық. Біз сол себепті студенттерді ауданға жібере алмаймыз».