Халық рұқсатсыз электр бағанасын тартуға қарсы

432

«Тұрлан» шағынауданының тұрғындары үй іргесінен тартылып жатқан электр бағаналарын орнатуға қарсылық білдіріп, шу көтерді. Олар мұндағы аулада ойнайтын балалары үшін алаңдайтынын айтады. Онсыз да электр желілерімен қоршалған үйдің бүгінгі жағдайы адам төзгісіз күйге жетті дейді халық. Олар ендігі жерде балалар алаңшасының үстінен өткелі жатқан желіге жол бермейміз деп бекініп отыр.

Майра Ахметова, № 13 үйдің тұрғыны: » Біздің үйдің сыртынан да мұндай желі жүрген. Мұны жүргізген кезде біздің үйдің бір тұрғыны білмеген. Енді алдымыздан жүргізіп жатыр. Сонда біздің балаларымыз, жаңағы, зообақтағы аңдар сияқты болайын деп тұр. Е артқа шығып ойнай алмайды, е алға шығып ойнай алмайды. Біздің үй 70 пәтерлі. Кешке қарай кемінде 200-300 бала аулаға шығып ойнайды.»

Тұрғындардың айтуларынша, бұл жерде құқық меншігіне нұқсан келіп отыр. Себебі, оларға жердің қазылатынын, бағаналар орнатылып, жоғары қуатты электр желісі өтетінінен құзырлы орындағылар еш хабар бермеген көрінеді. Ал билік өкілдері тартылып отырған желі көршілес жатқан Ынтымақ елдімекеніне баратын электр қуаты екенін айтады. Ондағы тұрғындар сапалы жарыққа мұқтаж. Дегенмен, мұндағы тұрғындардың рұқсаты әлі алынбаған. Алайда, тиісті жұмыстар әлдеқашан басталып кеткен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0X5OjrteqUk[/youtube]

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің энергетика секторының меңгерушісі: «Желіні жердің астымен де апаруға болады. Рұқсат берсе, аспанмен де апарамыз. Осы жұмысты, бәрібір, тұрғындардан рұқсат сұрап, істейін деп жатырмыз. Бірақ, халық қарсы болып жатыр. Дегенмен, екі жақ бір нәтижесін тауып, бір шешім табылатын шығар деп ойлаймыз. Халықпен сөйлесеміз.»