Өз отбасына ойран салған адам ауруханада көз жұмды

267

Түркістанда өз отбасын қырып салуға отағасының қатысы болуы мүмкін. Жергілікті тұрғын Мұхамеджан Исраиловтың ісі бойынша тергеушілердің соңғы нұсқасы осындай болып тұр. Туғандарына қол жұмсап, соңынан өзіне оқ атқан азамат есін жыймаған күйі ауруханада көз жұмды.

ТүркістанТергеушілер берген бір нұсқада Мұхамеджан қылмысқа қызғаныштың кесірінен барған. Өз қаруымен ең жақын адамдарын қырып салған. Ал баласының басына ауыр затпен ұрыпты. Осыдан кейін ол өзіне қол жұмсайды.

Қанды оқиға өңір жұртын абдыратты. Кісі өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалған. Үйден бөтен біреулердің іздері анықталмаған.

Сондай-ақ үйдегі бағалы заттар жоғалмапты. Отағасының әлдебіреуге қомақты қаржы қарыз екені де тергеуде есепке алынғанымен, қарыз берген азаматтың бұл қылмысқа қатысы жоғы айтылуда.

Тәртіп сақшылары Мұхамеджан есін жоғалтардың алдында жасаған әрекетін мойындаған дейді. Сондай-ақ, тергеушілер, марқұмның анасы ауруханадан ем алып шыққанымен, жауап алу мүмкін емес деп отыр.

Қуат Салиев, ОҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары: «Анасының жағдайы әлі де ауыр болып тұр. Жауап бере алмайды. Ал баласы кішкентай, сол себептен ол ештеңе білмейді.»

Бұл іс бойынша тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Алайда, күдіктінің қайтыс болуына байланысты шулы іс тоқтатылуы да мүмкін.

Ернар Балабеков