Мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

1372

Биыл Шымкентегі 127 мектептің 118-і ағымдағы, ал 3 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Алғашқыларындағы жұмыстарға қала қазынасынан 400 млн тенгеден астам қаражат бөлінген. Ал № 27, 39 және 100-ші мектептерді жаңғырту үшін бюджеттің 405 млн теңгесі игеріліпті. Мердігер мекемелер тамыз айының 20 жұлдызында өздеріне жүктелген жұмыстарды толық аяқтаймыз деп отыр.

Қаладағы № 39 мектеп осыдан 42 жыл бұрын салынған. Білім ошағы биыл алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысшылар ғимараттың есік-терезелерін және жылыту жүйелерін толығымен алмастырған. Қазір сыртқы қас бетін әрлеп, ауланы қоқыстардан тазартып жатыр. Маусым айынан бері атқарылған тірлік мектеп басшыларының көңілінен шыққан.

Мектепте шағынаудандардан жиналатын 2000 мыңнан астам бала оқиды. Оған қоса 100 балаға шақталған шағын орталық та жұмыс істейді. Биыл жөндеу жұмыстарының барысында асхана, әжетхана да толығымен жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі оқушылардың емін-еркін қозғалуы үшін барлығы ыңғайластырылыпты. Ұжымның өтінішін ескерген мердігер «Нұр Таңы» ЖШС-і өз қаржысына қосымша жұмыс та жасап берген.

Сала мамандарының айтуынша, биыл қаладағы барлық білім мекемелері алғашқы оқу жылына дайын. 118 мектеп арнайы қабылдау комиссиясының тексеруінен өтті. Ал күрделі жөндеуден өткізілген білім ошақтарындағы жұмыстар келісім бойынша 20 тамызда толығымен аяқталады.

Нұрлан Күдерұлы