Агроколледждің жатақханасы жөндеуден өткізілмек

376

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай, ғимарат күрделі жөндеуден өтеді. Тассай елді-мекенінде орналасқан 5 қабатты ғимараттың қолданысқа берілгеніне 50 жылға жуықтаған. Әбден тозығы жеткен тұрғын үй жөнделген соң, кімдерге үлестірілетіні белгілі болды.

Тозған ғимаратта тұрып жатқан тұрғындардың айтуынша нысан 1970 жылдары салынған. Кезінде жатақхана болған, талай студент мекендеп білім алған. Бүгінде мұнда 70 -ке тарта отбасы тұрады. Сөздеріне сенсек, көгілдір отын атымен жоқ, жарық сапасыз, ауызсу сағатпен беріледі. Ал, әжетхананы сырттан соққан.

Ескі ғимаратты паналаған халықтың аттарына рәсімделген арнайы құжаттары да жоқ. Алды 20-30 жылдан бері жатақхана тұрғыны атанған. Ертең құрылыс басталған мезетте, қайда барып бас сауғаларын да білмей дал. Қайта бөліске түскенде баспанасыз қаламыз ба деп қорқады.

Сала мамандарының қала әкіміне берген ақпаратына сүйенсек, Тассай Шымкент қаласына қосылғалы бұл ғимарат әкімдіктің балансына беріліпті. Бүгінгі таңда осы нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба жасалып, экспертизаға тапсырылған. Мақұлданған жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заң талабына сай баспанасыздарға үлестіріледі.

                                                                                                                                                 Нұрлан Күдерұлы