Мәртөбеде «қызыл сызықтың» үстіне түскен нысандар бұзылды

279

Шымкент қаласының аумағына Сайрам ауданынан қосылған Коммунистер көшесіне асфальт төсеу жұмысы басталды. Бұл – ауыл билерінің депутаттармен бірлесе жасаған жұмысының нәтижесі. Бұдан бөлек Мәртөбе ауылы тұрғындарының бастамасымен көшедегі қызыл сызықтың үстіне салынған нысандар бұзылды. Себебі, ауыл ақсақалдары жолдың кең әрі талапқа сай салынғанын қалайды.

Алғашқылардың бірі болып Құдайбергенов Ташболаттың заңсыз тұрғызған бетон шарбағы талқандалды. Ауыл азаматтарының айтуынша, жолды тарылтып, қызыл сызыққа шыққан барлық нысан заң талабына сай бұзылатын болады. Ал Ташболат Құдайбергенов өз қателігін мойындап, құрылыстың бұзылуына қарсылық білдірмеді.

Есесіне енді көшенің ені кеңейіп, жаяу жүргіншілерге арналған жол да төсеуге мүмкіндік бар. Биыл ауыл биінің араласуымен Мәртөбе елдімекеніндегі үш көше тақтайдай тегістеліпті. Ал бүгін құрылысы басталған көшеге қала бюджетінен 10 млн теңге бөлінген.

Аталған шараға қатысқан Қаратау аудандық әкімдігінің мамандары алдаға уақытта тұрғындарға қызыл сызықтан аспау мәселесін түсіндіру жұмыстарын жасаймыз деп түйіндеді. Себебі Сайрам ауданынан қалаға өткен елдімекендерде бұл – жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі екен.

Нұрлан Күдерұлы