Салық төлеуде өзгеріс бар

351
Салық төлеуде өзгеріс бар

Биыл мүлік, жер салығына үйреншікті түбіртекті алмаған жұрт алаңдаулы. Салық туралы кодекске өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын төлеудің мерзімі өзгеріпті. Белгілі болғаны, мерзім бір жылға кері шегерілген. Тұрғындар пәтері немесе үйі үшін салықты енді 2018 жылдың 1 қаңтары мен 1 қазаны аралығында төлеуі тиіс.

Енді үй мен пәтерлердің бағасын жылжымайтын мүлік орталығы емес, жергілікті мемлекеттік кірістер басқармасы есептейді. Мұндай жаңалықты тұрғындар жатырқамай қабылдады, ал мамандар өзгерістерге үйреніп қалыпты.

Дарияқұл Сатыбалдиев, Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Қалада 3 аймаққа бөлінеді. Бірінші – орталықтағы қымбат үйлер, екінші аймақ – қаланың аумағындағы, ал үшінші аймаққа қаланың іргесіндегі арзан үйлер кіреді.»

Мамандар бүгінде жаңа әдіспен бағалау жұмыстарына дайындықты бастап кеткен. Келер жылдан бастап жылжымайтын мүліктің бағасын есептеуде салықшылар баспананың жағдайына аса мән береді.

Тағы бір жаңалық, егер осыған дейін І және ІІ топтағы мүгедектерге жеңілдіктер қарастырылған болса, 2018 жылдан бастап бұл санатқа ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар да ілігіп отыр.