Шымкент зообағында өзгеріс көп

422

Шымкент зообағын 2021 жылға дейін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бүгінгі таңда зообақта 241 түрлі 2565 бас жануар бар. Енді төрт жылдан кейін бұл көрсеткіш еселенеді деген жоспар түзілген. Сондай-ақ, жаңа павилионның саны 55-ке жетпек. Соңғы жылдары жануарларға жасалған жағдайларға байланысты олардың өлімі де кеміген.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2014 жылы 68 бас жануар мерт болған. Ал биылғы он айда жануарлардың саны бар болғаны 25-ке кеміген. Бұл үлкен көрсеткіш дейді зообақ директоры Нұрғазы Бұхарбаев. Сонымен бірге зообаққа келушілердің саны да артыпты.

Нұрғазы Бұхарбаев зообақ төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойғысы келді. «Тіршілік бар жерде өлім бар» деген басшы түймедей нәрсені түйедей етіп,  жұртты шулату дұрыс емес деп ойын түйіндеді. Анықталмаған ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өкпесін айтты. Олар Тоқтар Төлешовтен тәркіленген екі жылқыға қатысты қате ақпар таратты дейді.

Шымкент зообағында өзгеріс көп

Қазіргі таңда Тоқтар Төлешовтың 22 жасар, құны 687 мың теңгеге бағаланған Разброт тұлпары мен 18 жасар Берт лақап атты жылқысының өліміне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тексерудің қорытындысы әлеуметтік желілердегі алып-қашпа әңгімелердің бекер екенін дәлелдейтініне сенімдімін деді Нұрғазы Бұхарбаев.

Нұрлан Күдерұлы