Шымкентте «Қоныс – 2017» республикалық оқу-жаттығуы өтуде

634
Шымкентте

Шымкентте бүгін таңертең дабыл соғылды. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері осылайша «Қоныс – 2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын бастап кетті. Ауқымды шара табиғи жойқын күші бар төтенше жағдайлар кезінде ірі қаланың халқын эвакуациялауға басқару органдарын және азаматтық қорғау күштерін дайындау және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.

Жаттығу аясында мамандар дабыл соғу арқылы байланыс және құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеріп алды. Халықты табиғи жойқын күші бар төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға, оның ішінде эвакуациялық іс-шараларды өткізу тәртібі қадағаланды.

Жалпы, жаттығуға жергілікті атқарушы органдар мен қаланың азаматтық қорғау қызметі, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары, сондай-ақ, қала тұрғындары қатысуда. Оқу-жаттығу аясында түс ауа бірқатар практикалық іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда Нұрсәт шағынауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Қаладағы №58 мектепте жиналу-эвакуациялау пунктінің жұмысы көрсетілді.