Түркістан мен Кентауға қатынас бағасы қымбаттады

546
Түркістан мен Кентауға қатынас бағасы қымбаттады

Қымбаттаған баға жағадан алып тұр.  Түркістан мен Кентауға қатынас бағасы 200 теңгеге көтеріліп кетті. Бұған дейін жол жүру құны 1000 теңге болатын. Екі жүз теңгеге көтерілген бағаны бензиннің қымбаттауымен түсіндірген компания басшылығы көлік бөлшектерінің де құны ұшып тұрғанын айтады. Дегенмен, бұл қымбатшылықтың өзге бағыттық көліктерге қатысы жоқ.

Кентауға жол тартқандардың басым бөлігі бағаның өскенін бүгін білген. Облыс орталығына жиі қатынайтын Дмитриевтер отбасы бұл жолы ауруханаға барып қайтқан. Ал Клара Есболаева жол жүру бағасының 1200 ге жеткенін өткенде естіпті.

Клара Есболаева: «Осыған дейін келгенмін, 1200 төледік. 200 теңге қосыпты. Енді амал жоқ, бересің ғой. Оларды да түсінуге болады, бензин қымбаттады…»

Кентау, Түркістан бағытындағы баға соңғы 4-5 жылда көтерілген емес. Қандай қымбатшылық жағадан алса да жолкіре сол күйі тұратын. Сондықтан болар, жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар бұл қадамға мәжбүрлікпен барғанын айтады.

Түркістан мен Кентауға қатынас бағасы қымбаттады

Жол жүру бағасын көтергендерден сапалы қызмет күтетін жолаушылардың өз назы бар. Айтуларынша, кешкі уақытта баға екі еселенеді.

Саламат Нахипова: «Мен Кентаудағы денсаулық сақтау бөлімінде жұмыс істеймін. Есеп тапсыратын кезең. Кешке Кентаудың такси жүргізушілері 2000 теңге. Өтірік емес, әйтпесе бармаймын дейді.»

Айтпақшы, бұл бағам тек жолаушылар арасында кеңінен танымал «Старех» көліктеріне ғана тиесілі. Ал автобус билетінің бағасы сол күйі – 600 теңге. Ал «Газельмен» жүруді қаласаңыз – 800 теңгемен діттеген жеріңізге жетіп аласыз. Айта кететін жайт, өзге қалааралық бағыттарда жолақасы бірқалыпты. Мәселен, Шардара, Сарыағаш, Шәуілдерге 800 теңге жетіп алуға болады.