Қазақстанның барлық аймақтарында әділет органдары қарапайым халыққа кеңес беруде. Акция барысында әділет департаменті, ОҚО бойынша Жылжымайтын мүлік орталығы, адвокаттар алқасы, нотариаттық және мүлік бағалаушылар палатарының өкілдері ЖОО студенттері және кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, тегін заңгерлік кеңес берді.
Әділет департаменті ұйымдастырған шара барысында сала мамандары облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге құқықтарын түсіндіріп, заң кеңестерін берді. Азаматтар мұнда сан алуан сауалдарымен келетінін ескерсек, ұйымдастырылған шара оларға өз пайдасын тигізді. Өзі басқаратын серіктестіктің жоғалған құжатын қайта рәсімдеуге келген кәсіпкер Шолпан Саттыбаеваның дәл осы күні жолы болды. Рәсімдеудің қиындықсыз бір жерде шешілгеніне риза болған кәсіпкер мұндай шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілегінде жасырмады. Қазанның 5-7-і аралығында өткен «Әділет органдары кеңес береді» атты республикалық акцияға облыс жұртшылығы дән риза болды. Үш күнге созылған акцияның жалпы қортындысы бойынша құқықтық көмек және кеңес алу үшін өтініш білдірген барлық азаматқа кеңес берілді.
Құқықтық кеңес алған азаматтар құқықтық сауаттылықтарын арттырып, ұсыныстарды күнделікті өмірінде қолдануға мүмкіндік алды. Нәтижесінде азаматтарды көп уақыт бойы алаңдатқан сұрақтар шешімін тапты.Акция кезінде әсіресе құжаттандыру саласы бойынша -558, азаматтық хал актілерін тіркеу- 491, жылжымайтын мүлікті тіркеу саласы бойынша – 407, нотариаттық қызметке қатысты -91, заңды тұлғаларды тіркеу бойынша –70 және зияткерлік меншік құқықтары бойынша –35 сұрақ келіп түскен.
Бұл акция халық арасында құқықтық сананың қалыптасуына, соның ішінде әділет органдарының қызметіне оң көзқараста болуына біршама жағдай жасау мақсатында өткізілді. Алдағы уақытта осындай «ашық есік» күні өз жалғасын таба бермек.