Құрбандыққа шалу қауесеті-оқушылардың ойынына айналды

193
даурыққан халық

Оңтүстікте құрбан айт мейрамы қарсаңында балалар ұрланып, құрбандыққа шалынады деген қауесет таратылған тағы үш жәйт тіркелген. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлімдеді. Мақтаарал ауданынан ұшқан жел сөз енді Төлеби, Түлкібас және Сайрам аудандарына да келіп жетіпті. Бұл келеңсіздікті тіпті кейбір мектеп оқушылары ойынға алдыра бастаған. Тұрғындарды дүрліктірген даурықпа әңгімені таратушылар қазір тергеуге алынған.

Осыдан тура төрт күн бұрын, Түлкібас ауданындағы Макаренко атындағы жалпы орта мектебінің ғимаратына әлдебіреу «Өлтіреді», «Әбіл-Һайіб» және «Осы мектептен 7 пенде құрбан болады» деп жазып кетіпті. Бұны көрген мектеп директоры дереу полицияға хабар берген. Аталған оқиға бойынша шұғыл топ құрылып, күдікті қолға түсірілген.Ұсталған күдікті дәл осы мектептің 9-сынып оқушысы болып шықты.

Осы сияқты қауесет тарату мен жұртты дүрліктіретін плакаттар Төлеби және Сайрам аудандарында да кездескен. Бұл оқиғаға байланысты күдіктілер де ұсталды. Солардың бірі Сайрам ауданы Қорғаныс бөлімінің хат тасымалдаушысы болып шыққан. Қазір алдын-ала тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Прокуратура қызметкерлері мұндай жағдайлар тіркелгенімен, діни ұйымдардың бала ұрлау немесе құрбандыққа шалуы бойынша ешқандай оқиға орын алмағанын айтады. Сондықтан босқа үрейленіп, қауесет пен құрғақ сөзге сенудің қажеті жоқ дейді.