ОҚО тұмаудан қорықпайды

244

Облысымыз тұмаудан сақтануға дайын. Бұл туралы мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы Жанаргүл Жақсылықова мәлімдеді. Жоспарлы тегін егу шаралары толығымен аяқталды. Вакциналар сатып алуға жергілікті бюджеттен 125 млн. 219 теңге бөлініпті.
Қауіпті топқа жататын адамдарды тұмаудан сақтандыруға қажетті 195 мыңға жуық франсуздық вакцинаның дозасы облысқа келіп жетті. Бұл маңызды егу шараларын алғашқылардың қатарында қалалық балалар емханалары өз деңгейінде жүргізді.

Тұмауға қарсы егуді алғашқы болып, жүрек-қан тамыры, тыныс жүйелері ауруымен ауыратын азаматтар және 5 жасқа дейінгі сәбилер бастап кетті.

Cонымен қатар, балалар, созылмалы ауруларға шалдыққан қариялар, жабық мекемелердегі азаматтар, жазасын өтеушілер мен медицина қызметкерлері тегін егілді.
Тұмаудың алдын алу шараларына өңіріміздегі екі ірі кәсіпорындар барлық жауапкершілікпен кірісті. Созақ ауданындағы уран кәсіпорыны өз ұжымы үшін 3 жарым млн. теңгеге вакцинаны сатып алды. Ал мұнай өңдеу зауыты екі миллионға алған екен.
Осымен облыста тегін егу шаралары аяқталды десе де болады. Вакцина жеткілікті, алайда өз ақшасына егілуге небәрі 158 адам ниет білдірген.

Тұмау біздің өңірімізде желтоқсан-қаңтар айында болады деп күтілуде. Ал егілген адамның ағзасы ауруға бейімделуіне, дәрігерлердің айтуынша бір ай қажет екен.