Тірідей тастанды табылды

271

Әл-Фараби аудандық полиция бөлімнің қызметкерлері алты жастағы Бағдәулет Ермұратты бейімдеу орталығына жеткізді. Полицейлер оны мешіт жанынан тауып алған болатын. Баланың қолында ұлты, туылған жылы, аты-жөні жазылған хат болған. Сонымен қатар, парақта анасының маскүнемдікке салынып, ұлын қараусыз қалдырып кеткені де жазылған.

Алты жасар Бақдәулет қолына қалам алып мектепке де барғандығын айтады. Мұндағы балалармен тез тіл табысқан жайдары мінез бүлдіршін болған жайды түсіндіруге тырысты. Баланың сөзіне қарағанда туған анасы Рабиға ішімдіктің құлына айналып бауыр еті баласынан бас тартқан көрінеді.Балғынды балалар үйіне өткізе алмаған туысы орталық мешітке қалдырып кеткен көрінеді. Туғандарынан жылылық сезіне алмаған балақай осы мешіт жанынан табылған. Баланың қолындағы тілхатта Бақдәулеттің жасы,аты, ұлты жайындағы мәліметтер жазылып қалдырылған.

Бейімдеу орталығының қызметкерлері әділет департаментіне хаттағы мәліметтер бойынша сұрау жіберді. Бақдәулет Ермұраттың ата-анасына іздеу салынды. Егерде табылмаса, бала балалар үйіне тіркеледі. Перзент алдындағы міндетін сезіне алмаған жауапсыз ата-ананың кесірінен,тумай жатып тағдыр теперішін татып үлгерген алты жасар балғынның ата-анасы болмаса, туған туысы тіл қатып, тағы бір тірі жетім қатары көбеймес деген ниеттеміз.