Туған елдің көркеюіне атсалысу нағыз ер азаматтың ісі

Сайрам ауданындағы Оймауыт ауылының тумасы, қазіргі кәсіпкер Шыңғыс Қозбақов туған ауылына барар жолды жамап, алтын ұя мектебінің керек-жарақтарын алып берді. Туған елдің алдындағы парызын өтеуді азаматтық борышым деп санаған кәсіпкердің алдында әлі бірталай жоспар тұр.

Сайрам ауданының шетіндегі Оймауыт ауылымен аудандық маңызы бар жолдың арасы 5 шақырым. Кеңес үкіметі кезінде салынып, кейіннен күрделі жөндеуден өтпеген жол қазірде ойдым күйде. Осыны ескерген кәсіпкер мемлекеттің назарынан тыс қалып жатқан мәселені өз қаржысымен шешуді ұйғарыпты.

Шымкентбай САДЫҚ- ауыл ақсақалы:
Шыңғыс баламыз жәрдем беріп жатыр. Құдай қаласа мына жол тегіс болады. Халықтың барлығы оған риза. Біз де ризамыз.

Ақсақалдардың батасын алған кәсіпкер осы мақсатта 2 миллионнан астам қаржыға 50 тоннадан астам асфальт төсеуді ұйғарыпты. Ойдымдалған жолға асфальт төселгенде ауылдың азаматтары шығып, асарға кірісіп те кетті.

Мұнан өзге Шыңғыс Қозбақов өткен жылы қолданысқа берілген жаңа мектептің спорт залына еркін күреске арналған кілем де тарту етті. Бұл бағалы сый әсіресе біраздан бері ағаш еденде күресіп жүрген балаларға ұнай кетті. Қуанышты балалар тіпті енді чемпион боламыз деп құлшынып отыр.

Аян Мырзалы, оқушы:
Бұрын жағдай болмайтын күресуге. Енді міне кілеміміз бар Шыңғыс ағаның арқасында. Оған үлкен рахмет. Бұл кілемнің үстінде ҚР чемпиондары шығатынына сенімдімін.

Жаста болса, кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, туған ауылының көркеюіне атсалысып жүрген Шыңғыс Қозбақұлы мұндай іс әр азаматтың парызы деп санайды.

Шыңғыс Қозбақұлы, «South Kazakhstan Oil Group» директоры:
Әр азамат осылай көмек көрсетсе деп ойлаймын. Елбасының тапсырмасы бар

Ауылдың жастары мен әлеуетіне көңіл бөліп жүрген кәсіпкердің жоспары бойынша енді Оймауыт ауылында келесі ай аудандық деңгейдегі еркін күрестен турнир өткізілмек.