Облыстық, қалалық және аудандық мәслихатқа үміткерлер сайлау науқанына дайын. Облыстық сайлау комиссиясы осылай деп хабарлады. Естеріңізге салайық, 15 қаңтар күні жалпы саны 1047 кандидат түрлі дәрежедегі депутаттыққа түсетін болады.
Олардың 193-і облыстық, 275-і қалалық және 579 үміткер аудандық мәслихатқа депутаттыққа түспекші. Айта өтейік, үміткерлерді тіркеу 20 желтоқсанда аяқталған болатын.
1 миллион 211 мың 240 адам. 15 қаңтар күні облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттыққа үміткерлер үшін осынша азамат дауыс береді деп күтілуде. Депутаттыққа кандидаттарды қаржыландыру 29 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Қазір болашақ халық қалаулылары өз сайлаушыларына үгіт насихат жұмыстарын қызу жүргізуде. Ал сайлау бойынша арыз шағым жоқтың қасы.
Берік Торғауытов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Бүгінгі күнге дейін сайлау науқаны бойынша арыз-шағым келіп түскен жоқ. Қазір қолыма осы сынды бір ғана арыз келді. Ол Созақ ауданындағы сайлау округіне байланысты туындаған жәйт болып тұр. Қазір мәселенің ақ-қарасын анықтаңыздар деп тапсырма бердім. Бұдан өзге жұмыстардың барлығы өз ретімен жүріп жатыр».
Сайлау күні ОҚО-да 1016 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Облыстық сайлау комиссиясы бүгінде негізгі жұмысын екі тарап бойынша — сайлау учаскелерінің дайындығы мен сайлаушылар тізімінің нақтылығы жөнінде жүргізуде.
Дегенмен, кейбір округтерде бір текті (яғни фамилиясы бірдей кандидаттар) үміткерлердің бар екені анықталды. Мұны комиссия төрағасы кездейсоқтыққа не болмаса, қасақана жасалған іске баламайды. Мұның өз кезегінде тектес аппоненттердің біріне бақ болып келу жағдайын да ескертеді. Сондықтан, сайлау күні өз кандидатын депутат ретінде көргісі келетін сайлаушы үміткеріне аса назар аудару қажет. Қазіргі күні мұндай жағдай №1 және №11 сондай-ақ, аудандық бір-екі сайлау учаскелерінде бар.
Бүгіннің өзінде ОБСЕ-ден келген екі бақылаушы Оңтүстіктегі сайлау науқанының барысын қадағалауда. Мамандар 15 қаңтар күні шетелден тағы 26 өкіл келеді деп отыр. Ендігі міндет депутаттықтан үміткерлердің еншісінде. Депутатқа қаншалықты сенім білдірілгені сайлау қортындысы жарияланғаннан соң белгілі болмақ.