Шымкенттік жургізушілер салық төлеуге келгенде сараң

247
көлік салығы

Қалалық салық басқармасының мамандары осылай мәлімдеді. Әсіресе күш қуаты 3000 текше метрден асатын көліктерге құмар қалталылар, неге екені белгісіз, міндетті төлемді өтеуге келгенде құлықсыз. Соның салдарынан қалалық қазынаға әжептеуір шығын келеді екен.

Жалпы былтырғы есеп бойынша салық департаментінде тіркелген қаладағы көліктің саны 260 мыңнан асып жығылады. Сондай-ақ тағы 90 мыңға жуық мініс салық департаментінде тіркеуде жоқ. Яғни берешегін беруден жалтарғандар. Жалпы көлік көрсеткішінің шамамен 50 мыңдайы салық салудан мемлекеттік жеңілдіктер бойынша босатылғандар. Енді есептей беріңіз салыққа жүктелгендердің салғырттығын. Жалпы қалалық қазынаға жыл сайын орта есеппен күш қуаты 2000 текше метрден асатын 100 авто­кө­ліктен шамамен 1 млн. 882 мың 910 теңге түсу керек. Бірақ бұл көрсеткішке қол жеткізу әзірге мүмкін болмай тұр дейді мамандар.

Былтырғы нақты есеп бойынша қалалық қазынаға жеке тұлғалардың есебінен 643 млн 309 мың теңге кіріс кірген. Ал заңды тұлғалар 161 млн. 476 мың теңге салық төлеген. Бірақ бұл жоспардағы көрсеткіш емес. Әліде берешегі барлардың белсенділігі қажет.

Енді жер қарайысымен салықшылар мемлекеттік міндеттен жалтарғандарға шара қолданып, салықты мәжбүрлеп төлетеміз деп отыр. Оған қазір арнайы тәсілдер құрастырылуда. Мәселен банк шоттары бойынша шығыс опе­рацияларын тоқтата тұру тәсілімен сондай-ақ қарызгерлердің есімін БАҚ беттеріне жариялап, теледидардан көрсету арқылы салықты өтемек. Сондықтан әсіресе көпке белгілі азаматтар мен қалталы жеке тұлғалардың сонымен қатар заңды азаматтардың ертерек қамданғаны дұрыс дейді салықшылар.