Ұлдары оққа ұшқан ата-аналар колледжді айыптап отыр

студенттер алаңдаулы

Шымкенттегі «Көлік және жаңа технологиялар» колледжінің маңында болған атысқа қатысты шу шықты. Естеріңізге сала кетейік, алдыңғы аптада колледж маңында үш жасөспірімге белгісіз біреулер оқ атқан болатын. Оның екеуі дене жарақатын алса, бір жеткіншек ауруханаға жетпей қайтыс болған еді. Сол балалардың ата аналары қылмыстық іске жол берген деп колледжді айыптап отыр.

Н. есімді жасөспірім – қыркүйектің 6-сы күні болған атыстан зардап шеккендердің бірі. Күндізгі сағат он екілер шамасында дүкеннің алдында болған атыста қолы мен белінің тұсына бытыра тиіп, бес сағат бойы дәрігерлер оның өміріне араша түскен. 

«Сабақтан шығып, досым екеуміз дүкеннің тұсынан кетіп бара жатыр еді, көліктің қандай және қай жақтан келгенін де байқамадық. Есімнен танып қалыппын. Бар білгенім осы», – дейді дене жарақатын алған жасөспірім. 

Оқыс оқиғаның жәй-жапсарын анықтау үшін колледжде шұғыл жиналыс өткізілді. Ата-аналар мен студенттер және балалардың құқығын қорғау департаменті мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты бұл жиынға. Ұстаздар баласының тәртібі мен қауіпсіздігіне тек ата-ана жауапты дегенді алға тартты. Оның үстіне қайтыс болған бала өзге колледждің студенті, ал жарақат алғандардың текетіреске қатысы жоқ, олар тектен – тек құрбан болғандар екен.

«Бұл оқиға колледждің ішінде де, жанында да емес, көше бойындағы дүкеннің алдында болған. Ал көлікпен келіп, атып кеткендер біздің оқу орнының студентері емес, «Болашақ» колледжінің студентін көздеп келген. Бірақ біздің студенттеріміз жазықсыз жапа шегіп, дене жарақатын алды. Алайда кей берілген дұрыс емес ақпараттардың кесірінен ата-аналар арасында түсініспеушілік орын алып отыр. Сондықтан бүгін біз арнайы жиналыс өткізіп, осы істің мән-жайын анықтап алдық»,- дейді колледждің директоры Гүлзат Искакова.

Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар деген күдікті ұсталып, тағы екі жігітке іздеу жарияланған. Бұл ішкі істер департаменті берген мәлімет. Жаңа оқу жылы басталысымен жасөспірімдер арасында оқ ату, пышақтау деректері бірінен соң бірі тіркеліп үлгерді. Тек қыркүйек айының басынан бері облыста 3 жасөспірім жан тәсілім еткен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=raJkYYjOYUE[/youtube]