Дінбұзар ағымдар азайды ма?

ОҚО-да 150-ге жуық діни бірлестік болса, оның 71 – ислами, 26 – христиан, қалғаны өзге бағыттағы діни ұйымдар. Мешіт саны 700-ден асады
ОҚО-да 150-ге жуық діни бірлестік болса, оның 71 – ислами, 26 – христиан, қалғаны өзге бағыттағы діни ұйымдар. Мешіт саны 700-ден асады

Діни бірлестіктердің қызметін қатаңдату үшін өткен жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы жаңа Заң қабылданған еді. Заңға сәйкес, бір жылдың ішінде елдегі барлық діни бірлестіктер мен мешіттер сұрыпталып, сүзгіден өткізілуі тиіс тұғын. Агенттік басшысы Қайрат Қайырбекұлының тапсырмасы бүгінде қаншалықты орындалды?

Дін – өте нәзік мәселе. Оны мемлекеттен бөлек дегенімізбен дінсіз өмір сүре алмайтынымыз тағы белгілі. Ал діни бірлестіктердің қызметін қараусыз қалдырсақ, есігімізден қаптаған құбыжықтай діни топтардың қотарыла енетіні анық жәйт. Сол себепті, ҚР Әділет министрлігінің құрамындағы Дін істері комитеті өз алдына дербес ҚР Дін істері агенттігі болып қайта құрылды. Кейіннен елдегі діни ахуалды реттеп отыруы тиіс жаңа Заң өмірге келді. Агенттік төрағасы Қайрат Лама Шарифтің атап өткеніндей, жаңа заң негізгі үш бағытта қызмет атқаруы тиіс.

Олар: адам құқықтарын қорғау, діни бірлестіктердің қызметін ретке келтіру және оны азаматтық заңнамаға сәйкестендіру, заңнамадағы кемшін тұстарды толықтыру. Негізінен, бұл бағыттағы басты жұмыстар аймақтарда жүргізілуі керек. Себебі көптеген діни бірлестіктер жергілікті діни бірлестік мәртебесін алуға немесе филиал түрінде қайта тіркеуден өтуге мүдделі. Сондықтан олардың мемлекеттік тіркелуі Әділет министрлігінің аумақтық органдары мен агенттік департаменттерінің бірлесе жұмыс істеуі негізінде жүргізіледі.

Жыл басында төрағаның діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі 24 қазанға дейін аяқталуы тиіс деген мәлімдемесінен де хабардармыз. Өйткені, ел ішінде тайраңдап жүрген қауіпті бірлестіктердің алдын алуымыз ләзім. Олардың тамырына балта шауып, қызметін дер кезінде тоқтату міндет. Мойындау керек, соңғы кездері діннің атын жамылған әсіредіншілдердің, қауіпті секталардың әрекеті қоғамды дүрліктіріп тұр. Жер-жерде қылаң беріп жатқан содырлық әрекеттердің бір ұшы діни бірлестіктерге тиіп жатқанын жасыра алмайсыз. Өткен аптада Атырауда мешіт маңында жарылыс ұйымдастырған 4 содыр 1991 жылы туған азаматтың өмірін қиды. Одан бөлек, өзін-өзі өлімге қиғандар қаншама.

Алысқа бармай-ақ, облысымыздағы діни ахуал да күрделеніп тұр. Таяуда халқы тығыз қоныстанған Сарыағаш ауданынан шу шықты. Бақсақ, аудан орталығындағы Шымкентбай көшесінің бойында «Иегова куәгерлері» діни ұйымының заңсыз қызметі әшкере болған. Аудан тұрғындары көше бойындағы оқушыларды, жасөспірімдерді құрығына тартып жатқан сектаның жымысқы әрекетіне алаңдаулы.

Өзге өңірлерден халқының тығыздығымен ерекшеленетін Оңтүстікте біршама діни бірлестіктер тіркелген. Статистикаға көз жүгіртсек, 150-ге жуық діни бірлестік болса, оның ішінде 71 – ислами, 26 – христиан, қалғаны өзге бағыттағы діни ұйымдар. Мешіттердің саны 700-ден асады. Алайда облысымызда Қайрат Қайырбекұлының пәрменді тапсырмасы өте баяу жүргізілуде. Самарқау, жайбарақат күй кешіп жатқан діни бірлестіктер нені күтіп жатқаны белгісіз. ОҚО Әділет және Дін істері департаменті басшылары баспасөз өкілдеріне арналған брифингте осылай дабыл қақты. Жиыннан аңғарғанымыздай, Әділет департаментіне 28 діни бірлестік қайта тіркеу жөнінде өтініш жасаған.

Бірақ 10 ұйымның құжаты кері қайтарылған. Оған себеп – құжаттың дұрыс толтырылмауы. Ал қалған 18-іне дін мамандары сараптама жүргізуде. Әрбір бірлестікті қайта тіркеу үшін 1 ай уақыт кетеді екен. Сонда 25 қазанда бітуі тиіс іс-шарада қалған 100-ден аса ұйым қашан тізімге алынбақ? Айта кетейік, биыл 30 діни бірлестік өз жұмысын тоқтатқан. Агенттік басшысы да 25 қазанға дейін сүзгіден өтпеген діни ұйымдардың қызметі тоқтайтынынан құлағдар еткен болатын. Заңға сәйкес, діни бірлестіктерден бөлек мешіттер де есептік тіркеуден өткізілу ләзім. Мәлім болғандай, облыста 727 мешіт бар болса, оның 331-і ғана құжаттарын өткізген. Олардың тек 182-сі ғана есептік тіркеуден өтіп үлгеріпті. ОҚО Дін істері департаментінің директоры Батырбек Жалмұрзаевтың мәлімдеуінше, межелі мерзімге үлгермей қалған ұйымдар наразылық тудыруы мүмкін. Оның сөзіне қарағанда, Дін істері жөніндегі департаменттің мамандары әрбір бірлестікке алдын-ала құлаққағыс еткен. Енді, міне, жыл бойы орнынан қозғалмаған ұйымдардың есігіне құлып салынуға да аз қалды.

Тағабай ҚАСЫМ

  • Сіз не дейсіз?

Балжан ӘЛІПБЕК, ОҚО Әділет департаменті директорының орынбасары

– Біздің мамандар Заң күшіне ене салысымен әрбір мешіттер мен діни ұйымдарды алдын ала ескерткен. Уақыт бітуге таяу. Әлі құжатын өткізбеген ұйымдар да бар. Олар ертең тізімге іліге алмай қалса шу көтеруі мүмкін. Біз заңға сәйкес жұмыс істейміз. Егер құжатын тапсырмаған, діни сараптамадан сүрінген ұйымдарды жабу жөнінде бастама көтереміз.

Ербосын ОРЫН, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары

– Бізге алаңдауға негіз жоқ. Негізінен, облыстағы 672 мешіт қайта тіркеуден өтеді деп жоспарланған. Біздің өкілдікке филиал ретінде тіркелген 533 мешіттің құжаты қолымызда. Оны облыстық Әділет департаментіне тапсырғанбыз. Қалған мешіттер 25 қазанға дейін үлгеруі тиіс. Қазір 6 бірдей мешітке байланысты кішігірім мәселе туындап тұр. Оның да жақын арада шешімі табылады деп күтілуде.

  • Керек дерек

ОҚО-да 150-ге жуық діни бірлестік болса, оның 71 – ислами, 26 – христиан, қалғаны өзге бағыттағы діни ұйымдар. Мешіт саны 700-ден асады.

Сарыағаш ауданынан шу шықты. Бақсақ, аудан орталығындағы Шымкентбай көшесінің бойында «Иегова куәгерлері» діни ұйымының заңсыз қызметі әшкере болған. Аудан тұрғындары көше бойындағы оқушыларды, жасөспірімдерді құрығына тартып жатқан сектаның жымысқы әрекетіне алаңдаулы.