Оңтүстікте 13 жасар қызын зорлап келген әке сотталды. Сұмдық оқиға өткен жылдың қараша айында ашылған. Жасөспірім қызды мектептегі медбике тексерген соң жеткіншектің жүкті екені анықталады. Құрсағына бала біткеніне 5 ай өтіп кеткен екен. Қыздың анасы келіп, сұрағанда жеткіншек жылап отырып, әкесі бірнеше рет зорлағанын айтып беріпті. Бұл туралы Бәйдібек ауданының прокуроры Қанат Жалғасов мәлімдеді.
Қазір туған қызына әлімжеттік көрсеткен әке бұл ісін мойындап отыр. Айтуынша, мас күйде есін жоғалтып, қызын зорлапты. Қылмыстың аса ауыр болуына байланысты іс облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Сот отырысында әкесінен жәбір көрген қыз бен оның анасы кешірім беріпті. Алайда, бұған қарамастан қатігез әке енді осы әрекеті үшін 16 жылын қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтейтін болады.