Бастаманы қолдаймыз!

Газетіміздің өткен нөмірінде «Бастама!» (Акция деп атағымыз жоқ) айдарымен «Олар оралған жоқ» тақырыбында соғыста қаза тапқан жауынгерлердің есімін ардақтау, есте қалдыру мақсатымыздың барын айтқанбыз. Міне, сол бастамамызды оқи сала редакцияға хабарласып жатқан оқырман көп. Алғашқылардың бірі болып «Бастамаларыңа қолдау білдіремін. Ардагерлер Кеңесі игі шараға өз көмегін аямайды» деп хабарласқан Жеңісбек ағамызға қуанып қалдық. Арғы жағын арда азамат өзі айтсын…

Бастаманы қолдаймыз!

 

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы:

«Оңтүстік Рабат» газетінен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай редакция тарапынан ұйымдастырылып отырған «Олар оралған жоқ» атты бастаманың мақсат мүддесі жайлы мақаланы оқып, кешегі өткен сұм соғыста қаза тапқан жауынгерлеріміздің есімін ұмытпау жолындағы игі шара ретінде бастаманы қолдайтындығымызды білдіреміз.

Қазақта «тарихын ұмытқан елдің болашағы жоқ» дейді. 1941-45 жылдары болған Ұлы Отан соғысында басқыншы фашизмге қарсы күресте қасық қаны қалғанша күрескен кеңес әскері сапында қазақстандықтар да аз болмады. Олардың ерлік істерін келер ұрпаққа айтып отыру бүгінгінің парызы. Облыстық Ардагерлер кеңесі бұл орайда түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, соғыс ардегерлерін құрметтеу, марапаттау, олардың әлеуметтік мәселесін жергілікті билікке жеткізуде жыл сайын арнайы игі-шараларды қолға алып отырады. Сондықтан да «Оңтүстік Рабат» газеті мен «Отырар» телеарнасы көтеріп отырған «Олар оралған жоқ!» бастамасына қолдау көрсетуді міндетіміз деп білеміз.

Бастаманың мән-мазмұнын, мақсат-мүддесін түсіндіре отырып, аудандық, қалалық Ардагерлер кеңесіне арнайы тапсырма берілгендігін хабарлаймын. Соғысқа аттанып, қайта оралмаған, соғыста хабарсыз кеткен туыстары, әкесі, атасы, ағасы жайлы мәліметті облыс жұртшылығы өз аудан, қаласындағы ардагерлер кеңесіне тапсыруын сұраймын. Осылайша аймақтарда топтастырлған мәлеметтерді редакцияға ұсынып отыру арқылы бұл бастамаға біз де өз үлесімізді қосамыз. 

Бүгінгі жастар тарих беттерінде орын алған Ұлы Отан соғысының зардабы мен зауалын «Олар оралған жоқ» бастамасы арқылы көп мағлұмат алуына мүмкіндік тууымен қатар, қоғам ұрпақ бойындағы патриоттық рухты өсірері сөзсіз.

Бастама баянды болсын! Біз облыстық Ардагерлер кеңесі мұндай игі-шараның басынан табылып, әрдайым, қуаттап, қолдап отыратындығына сенімді болғайсыздар!