Оңтүстікте мал шаруашылығы дамиды

584
Қанатбек Оспанбеков

Мал шаруашылығын дамытып, одан алатын өнімді еселеудің жаңа жоспары түзілді. Жоспарды облыстық ауыл шараушылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбеков таныстырды. Егер құжат жүзеге асса, ауылда тұратын ағайынның әлеуеті артпақ.

Қанатбек Оспанбеков
Қанатбек Оспанбеков

Басқарма басшысы таныстырған жоспар бойынша сүтті бағыттағы ірі қара мал саласын дамытуға жіті назар аударылып, үш бағытта жүзеге асады. Сондай-ақ, етті ірі қара мал саласын дамытуға да жіті назар аударылады. Шараны жүзеге асыруға бюджет және қажды институттары тарапынан 21 миллиард теңге бағытталмақ.

Ең бастысы — ауылдық тұтыну кооперациясын құру жобасы ұсынылды. Үш жылдық жоспардың тағы маңызды мақсаттарының бірі — әр бастан алынатын өнімді көтеріп, сапасын жақсарту арқылы нарықтағы бәсекеге қабілеттікті арттыру болып табылады.

Мал өнімділігін арттыруда ең негізгісі — сапалы мал азығымен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда егістік алқаптарын әртараптандыру барысында мал азықтық дақылдарының егіс көлемін ұлғайтуға басымдық беріліп, 2016 жылға дейін 100 мың гектарға артық егілетін болады. Қазіргімен салыстырғанда сояулы мал азығы 250 мың теңге, құнарлы жем 45 мың теңге, сүрлем 85 мың теңгеге артық өндіріледі. Осы көлемді игеруге жаңадан 542 техника, 2,4 миллиард теңге бөлу жоспарлануда.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VjhIcLdmwvs[/youtube]

Сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіру саласын дамыту саласы 3 бағытта жүргізілетін болады. Бірінші бағыт — асыл тұқымды сүтті бағыттағы бұқаның ұрығын пайдалану арқылы жергілікті ірі қара мал тұқымын жақсарту. Екінші бағыт — сүт тауарлы фермалардағы табынды жаңарту мақсатында асыл тұқымды аналық баспен алмастыру. Үшінші бағыт — 2014-2016 жылдары қосымша сүт тауарлы фермалары мен жанұялық фермалар құру.

2016 жылдың соңына дейін облыста жалпы 13 сүт тауарлы фермасын ашу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 2014 жылға 5 ферманың нақты иелері анықталып, 2 650 бас ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. Аталған шаруашылықтарда әр сиырдан сауылатын сүт 6000 келіні құрап, жылына 16 000 тонна сүт өндірілетін болады.

Етті бағыттағы ірі қара мал өсіру саласын дамытудың басымды бағыттары. I бағыт: аналық асыл тұқымды етті бағыттағы бұқаның ұрығын пайдалану арқылы жергілікті ірі қара малды қолдан ұрықтандыруды жүзеге асыру. II бағыт: “Сыбаға” бағдарламасымен 30 мың бас ірі қара мал алынып, асыл тұқымды етті бағыттағы бұқамен сіңіре будандастыру арқылы тұқымдық түрлендіруге қатыстырылатын болады.

III бағыт: шетелден және асыл тұқымды мал шаруашылықтарынан алынған төлдердің бұқалары «Сыбаға» бағдарламасына қатысушылар мен жергілікті жұртқа сатылады. Ал ұрғашы мал табынды жаңартуға пайдаланылады. Қазірдің өзінде шетелден сатып алынған 890 бас асыл тұқымды малдың саны 1600-ден асты. IV бағыт: шалғайдағы ірі қара малдың аналығын табиғи жолмен ұрықтандыру мақсатында етті бағыттағы асыл тұқымды бұқалармен қамту болып табылады.

Мал бордақылаумен айналысатын 736 мал бордақылау алаңында бір айналымда 50 мың бас, екі айналымда 100 мың бас мал бордақыланса, борқылауға мүмкіндігі бар қара малдың басы 200 мыңнан асады.

Осыған байланысты қосымша мал бордақылау алаңдарын ашу қажеттілігі туындап, іс-шара аясында 10-15 басқа арналған 1151 мал бордақылау алаңын ашу жоспарланды. Сондай-ақ, селолық тұтыну кооперациясын құру жобасы ұсынылуда. Жобаны құрудың басты мақсаты — жалпы мал шаруашылығының дамуында ірі қара мал бордақылау алаңдарын ашып, бордақылаумен айналысатын шаруалардың жұмысын жүйелендіріп, жолға қою. Өндірілген етті жинақтап, нарықтық ұтымды бағада сату, қайта өңдеу.

Жаңадан ашылатын тұтыну кооперациясына толық инфрақұрылымымен қосқанда қажетті қаржы көлемі — 33 миллион 477 мың теңге. «Сыбаға» бағдарламасы аясында алынған асыл тұқымды бұқаларды бордақылау арқылы өндірілген мәрмәр етті алыс, жақын шетелдерге шығару мақсатында 2016 жылы облыс көлемінде ірі базалық тұтыну кооперациясы құрылу қажет.