Боксшы Фарух Шаназаровты еске алуға арналған облыстық турнир биыл да №8 гимназияның спорт залында өтті. Бұл баскетбол жарысы осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Кезекті рет жарысқа келген қонақтар былғары қолғап шеберін еске алып, оның ізбасарларына сәттілік тіледі. Бұл жолы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов та жеткіншектерді қолдауға арнайы келген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=A4Vapon1kUM[/youtube]
Облыстық турнирге биыл 8 команда қатысты. Олардың арасында Қарабұлақ пен Сайрамның спортшылары да бар. Алғашқы ойында осы екі команда өзара мықтыны анықтап, сайрамдықтар 24:14 есебімен жеңіске жетті. Ал алаң қожайындары өткен жылы чемпион атанған болатын.
Келесі жылдан бастап бұл жарыстың шеңбері кеңейе түспек. Оныншы рет өтетін жарысқа Өзбекстаннан да баскетболшылар шақырылатын болады. Жыл бойында жеткіншектер өз ауданында іріктеліп, ақтық кездесуде үздік төрт команда өзара бақ сынасады. Олардың арасында өзге облыстың да баскетболшылары да болуы мүмкін. Қазіргі таңда облыс деңгейінде ғана өтетін бұл турнирдің ұйымдастырушылары алдағы уақытта халықаралық аренаға шығуға жол іздейді.
Екі күндік дода соңында №8 гимназияның баскетболшылары топты жарды. Екінші орынды Мукими атындағы Сайрам ауданының орта мектебінің спортшылары жеңіп алды. Ал алғашқы үштікті Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қорытындылады. Ең үздік ойыншы атағына сайрамдық Ихтияр Ризаметов ие болды.