Жанбота жарады!

Халық Жанботаны ыстық ықыласпен қарсы алды

Сан мыңдаған тақырыпқа азық болған Сочи олимпиадасы да аяқталды. Тарих қойнауына тереңдей еніп, дүбірі бәсеңдеп келеді. Біздің ел XXII қысқы олимпиада ойындарына 53 спортшысын үкілеп аттандырып, жалпы командалық есепте 26-шы орынға тұрақтады. Еншімізде бір қола медаль. 

Халық Жанботаны ыстық ықыласпен қарсы алды
Халық Жанботаны ыстық ықыласпен қарсы алды

Сол 53 дүлдүлдің сапында Оңтүстік Қазақстан облысынан үш спортшы бар. Олар – Жібек Арапбаева, Жанбота Алдабергенова және Бағлан Іңкәрбек. Үшеуін де Мұрат Аблятифов жаттықтырады. Аяғына шаңғы байлаған адам көрсе таңырқай қарайтын Оңтүстік өлкеден шыққан үш бірдей қаракөзіміз әлемдік додада фристайлдың акробатика түрінен бақ сынап, бабын байқатты. Нәтижесінде, Жібек пен Бағлан бірінші жиырмалықтың қатарынан көрінсе, Жанбота алтыншы орын алып, үздік жетілікке ілінді. 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=P_B6SVLPL3E[/youtube]

Бұл Жанботаның алғашқы олимпиадасы. Мұндай ірі масштабтағы тұңғыш додасы. Сочи олимпиадасында әйелдер арасындағы фристайлдың акробатика түрінен 23 фристайлшы қатысты. Олардың жас мөлшері ең кіші осы 18 жастағы Жанбота Алдабергенова. Аз уақытта өзін танытып үлгерген және мұнымен тоқтап қалмайтынын мәлім еткен Жанбота Алдабергенова кім? 

 

Гүлназ Жұмабекқызы, Жанботаның анасы
Гүлназ Жұмабекқызы, Жанботаның анасы

Гүлназ Жұмабекқызы, Жанботаның анасы

– Бірде дастархан басында марқұм әкесі Еркін Жанботаға: 2014 жылы Сочиде өтетін олимпиадаға жолдама алып, сол жақта бірінші ондыққа ілінсең, менің арманым жоқ, – деп еді. Бұл тілегін атасы да айтқан. Екеуінін де армандары орындалды.

 

 

 

Фристайлмен айналыса бастағанына 2,5 жыл болыпты. Оның алдын қайда болды? Осы және тағы да басқа сұрақтардың жауабын білу үшін Жанботаның үйіне барып, анасы Гүлназ бен әжесі Назымгүлді сөйлеттік. 

Мәжит ақсақал немересі Жанботаны 4 жасында гимнастика мектебіне алып барады. Орыс тілінде бір ауыз сөз түсінбейтін бүлдіршінді қазақша ұқпайтын, тек орысша сөйлейтін Галина Николаева есімді жаттықтырушының қолына табыстайды. Атасы әр күні таңмен таласып, керек-жарағы мен тамақ-суын сөмкеге салып, немересін арқалап, жаттығу залына жаяу алып барады. Бір-бірінің тілін түсінбей шыр-пыр болған ұстаз бен шәкірттің жаттығуына бір қарап қойып, алдындағы кітабын оқып, ара-тұра немересінің тамағын беріп, кеш қарая үйге алып келеді. Өзі де, немересі де әбден шаршап, ұзынынан құлайды. Күндер осылай жалғасып, Жанботаның спорттық гимнастикаға деген қызығушылығы уақыт өткен сайын арта береді. Бапкері де барын салып, Нелли Ким негізін салған спорттың қыр-сырына баулиды. Орысшасы да жетіліп, алғашқы жүлдесіне 5 жасында қол жеткізді. Үлкен жарыстардың бірінде екінші орын алады деп тұрған сәтте бөрене үстінде орындаған мінсіз секірісі үшін кенеттен бірінші орынға шығарады. Осылайша сол жарыста екі бірдей бірінші орын беріліп, Жанботаның спорттағы алғашқы ірі жеңісі де әдеттегіден тыс жағдаймен басталады. Бұл 2000 жыл болатын. Жанбота 5 жаста.

Жанбота алтыншы орын алып, үздік жетілікке ілінді
Жанбота алтыншы орын алып, үздік жетілікке ілінді

Ол кез — спортқа мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбеген уақыт. Әрбір жарысқа қатысу үшін жолақы, жататын жері мен ішетін ас-суын спортшы өз қалтасынан төлейді. Сондықтан да атасы Мәжит пен әкесі Еркін тапқан-таянған қаражатының бір бөлігін Жанботаға деп бөлек жинайды. «Қандай да бір жарыс болады, соған Жанбота қатысады» деген хабар шықса, ауыздарынан жырып, перзенттерінің жарыс жолына жұмсайды. Тәжірибе жинап, кәсібилігі арта түссін деген оймен Ресейде, Түркияда, Жапония және тағы да басқа елдерде өтетін бәсекелерден қалдырған емес. Ішпей-жемей кетсе де, 100 мың теңге арнайы Жанботаға деп сақтаулы тұрады. Бұл әжесі Назымгүлдің айтқаны.

 

Назымгүл Сырлыбаева, әжесі
Назымгүл Сырлыбаева, әжесі

Назымгүл Сырлыбаева, әжесі 

– Жанботамның жаны қалап, жақсы көрген спорты — гимнастика еді. Бірде оны бас бапкері Санкт-Петербургте болатын жарысқа алып кетті. Ол жақта немерем жақсы өнер көрсетіп, жоғары ұпай алды. Сол жарысқа бас бапкердің туған қызы да барған. Оның көрсеткіші Жанботадан төмен болды. Бұл бас бапкерге ұнамай, Жанботаны сол Петербургте қалдырып кетеді. Ол жарысқа өзінің жеке бапкері Галина Ивановна бармаған болатын. Оны Алматыдан барған бапкерлер алып келеді. Содан кейін Галина Ивановнаның рұқсатымен, фристайлға ауысты.

Жапония демекші, Күншығыс еліндегі жарыстан Қазақстанға оралған соң, араға 20 күн салып Жапония аралдарының жартысы қуатты жер сілкінісі мен үлкен цунамиден зардап шекті. Ондағы Жанбота тұрған қонақүй, жарыс өткен ғимарат табиғи апаттың құрсауында қалып, сумен бірге шайылып кете барды. Бұл 2011 жылдың басы болатын. Жанбота 15 жаста. 

Сол жылы атасы мен әкесі ақылдаса келіп, Жанботаны фристайлға ауыстыруды ұйғарады. Тамыз айында бапкері Галина Ивановнаның разылығымен №8 қысқы спорт мектебіндегі фристайлдың акробатика түрінен бапкер Мұрат Аблятифовке хабарласады. Үш фристайлшыны жаттықтырып жүрген Мұрат бапкер төртінші етіп Жанботаны да шәкірттікке алады. 

Оңтүстік Қазақстанда қысқы спорт түрлерінен жаттығуға арнайы жағдай жасалмаған. Жалғыз ғана «Мұз сарайы» бар. Фристайлге трамплин қажет. Сондықтан да фристайлшыларымыз «Мұз сарайдағы» батутта секіреді. Жанбота да өз жаттығуын өзге әріптестері секілді батутта бастайды. Мұрат бастаған топ толыққанды жаттығу үшін қар іздеп, Өскеменге аттанады. Одан бөлек Қытай, Америка, Швейцария, Финляндия, Белорусь, Италия, Украина елдерінде болады. 

Атасы Мәжит пен 5 жасар Жанбота
Атасы Мәжит пен 5 жасар Жанбота

Атасы мен әкесінің мұраты- перзенттерін Сочи олимпиадасында көру. Енді әр күн сайын Жанботаның құлағына осы қалауларын құя береді, құя береді. Күзде әкесі Еркін кенеттен көз жұмып, әке мұраты бала санасында ұран болып қалып қояды. Жатса да, тұрса да Жанботаның ойлайтыны — Сочи олимпиадасына бару, үздік өнер көрсету. Таңертең тұрып, 28 келі тартатын керек-жарағын арқалап, жаттығу залына кетеді. Әке арманы — қызының ендігі мақсатына айналды. Бұл анасы Гүлназдың айтқаны.

Шетел. Сапар. Жаттығулар. Жарыстар. Көп сөйлемейтін, ойын қысқа қайыратын, сөзді емес, істі алға қоятын Жанботаның Сочиге жолдама ұтып алғаны жөніндегі хабар АҚШ-тан жетті. Сонда өткен кезеңдік жарыстан жеткілікті ұпай жинап, алғашқы лицензияны жеңіп алды. Атасы Мәжиттің қуанышында шек жоқ. «Жаяулатып, арқама салып, арқалап алып барып, қайтатын едім, еңбегім еш кетпеген екен» деп шаттанады. Бұл 2013 жылдың қаңтар айы болатын. Жанбота 17 жаста. 

Араға жылдан астам уақыт салып, Мұрат бапкердің қол астындағы үштік Сочи олимпиадасына да қатысты. Жанбота Алдабергенованың жетістігі тек Қазақстан үшін ғана емес, фристайлдың тыныс-тіршілігін құр жібермейтін жұртшылық үшін де тосын, әрі елеулі жаңалыққа айналды. Әкесі де атасы да өз армандарының орындалғанын тірілердің арасында отырып көре алмады. 

Әкесі Еркін мен әпкесі Ақбота
Әкесі Еркін мен әпкесі Ақбота

4 жасында гимнастикаға барып, 9 жасында спорттық гимнастикадан спорт шебері атанып, 15 жасында фристайлге ауысып, 2013 жылы ұлттық санаттағы спорт шебері атағына ие болған Жанбота Алдабергенова 6 жасында №10 Жолдасбеков атындағы орта мектепке барады. Ол мектепте 5 сыныпқа дейін оқып, ары қарай №5 мектепке алмасады. 9 сыныптан кейін М. Сапарбаев атындағы колледждің заң мамандығына оқуға түсіп, заңгер атанды. Гимнастика мен фристайлды қосқанда 80-ге тарта түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлдегері. 

Демек, шымкенттік отбасында туып, Оңтүстіктің ауасын жұтып, суын ішіп өскен Жанбота ұлы мұраттарға жету үшін еңбек пен қажыр-қайраттың, сенімнің басты нәрсе екенін тағы да дәлелдейді. Кілең мықтылар жиналатын бәсекелерде қазақтың да қысқы спорт түрлерінен тайталасқа түсе алатынын көрсетті. Баланы туғанынан бастап, кәмелеттік жасқа жетіп, қалыптасқанша ата-ана тарапынан дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп, ертеңін жүйелі ойластырудың маңызды екен деген түсінікті мығымдай түсті. Осы күнге дейін қалтадан шыққан қаражатты инвестиция десек, сол қаражат өз нәтижесін берді.

Жәнібек НҰРЫШ