Жерасты өткелдері салынады

749
Күншығыс шағынауданындағы жерасты өткелі
Күншығыс шағынауданындағы жерасты өткелі

Биыл Шымқалада 3 жерасты өткелі салынбақ.  Бұл өткелдер Мангельдин көшесі мен Темірлан тасжолы, Тәуке хан даңғылы мен Қонаев даңғылдарының қиылысында және «Евразия» базарының маңында пайдалануға беріледі.

Бүгінгі таңда Шымкентте 8 жерасты өткелі бар. Қазақстандағы үшінші қала болудан үміткер деп үкілеп жүрген шаһардағы бұл нысандардың барлығы дерлік жарамсыз. Көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың емін-еркін жүруіне жағдай жасауы тиіс бұл нысандардың әрқайсысына мемлекет есебінен миллиондаған қаржы жұмсалғаны белгілі. Алайда, жаяу жүргіншілерге арналған нысандардың мақсаты мүлдем өзгеріп, бірқатары әжетханаға айналса, енді бірінің тоз-тозы шығып, қирап жатыр.

40 жылдық тарихы бар жерасты өткелі қоқысқа толып тұр
40 жылдық тарихы бар жерасты өткелі қоқысқа толып тұр

Бұл — Шымкенттегі ең көне жерасты өткелі (бұрынғы — «Тюлпан», қазіргі «Сулпак» дүкенінің маңы). Қырық жылдық тарихы бар бұл нысан қазір қоқысханаға айналған.

Теміржол вокзалы маңындағы өткел де оңып тұрған жоқ. Кезінде талай қонақтардың кәдесіне жараған бұл нысан қазір қоғамдық дәретханаға айналғандай. Жан-жаққа төгіліп-шашылған қоқыс пен нәжістің қолаңса иiсі қолқаңды қабады. Айта кетейік, осыдан бiрнеше жыл бұрын темiржол бекетіне күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, жан-жағы абаттандырылған болатын. Әйтсе де вокзал маңы әлі де заманауи талапқа сай болмай тұр.

Су жаңа жерасты өткелінің де жағдайы мүшкіл
Су жаңа жерасты өткелінің де жағдайы мүшкіл

Ал мына суретте жақында ғана ашылған «Бекжан» базары маныңдағы жерасты өткелі бейнеленген. Облыстық бюджеттің 67 миллион теңгесіне салынған бұл нысанның да жағдайы мүшкіл. Үйсіздердің жатып-ішер орнына, қала берді, қоғамдық дәретханаға айналып барады. Есесіне, «Көктем», «Күншығыс», Қырғы базар маңында орналасқан жерасты өткелдері солардың кебін құшпай, кішігірім сауда-саттық орынға айналғанына шүкір деген жөн шығар.

Қырғы базардағы жерасты өткелі
Қырғы базардағы жерасты өткелі
Күншығыс шағынауданындағы жерасты өткелі
Күншығыс шағынауданындағы жерасты өткелі
Көктем шағынауданындағы жерасты өткелі
Көктем шағынауданындағы жерасты өткелі 

Өкініштісі сол — қолда бар жерасты жолдарын жөнімен пайдаланбай жатып, қалалық әкімдік тағы да жерасты өткелін салмақшы. Ал оның әрқайсының құрылысы облыстық бюджетке кем дегенде жүздеген миллион теңге салмақ түсіреді. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің жетекші маманы Абай Тұрхановтың айтуынша, қаладағы жерасты өткелдері күнделікті тазаланады. Жыл сайын нысандардың жөндеу жұмыстарына жергілікті қазынадан қаржы да бөлінеді.

Алайда, халықтың тазалық мәдениеті жоғарыламай, ешнәрсе өзгермейді дейді маман. Қысқасы, Шымкенттегі жерасты өткелдері түгел ретке келтірілуі тиіс. Өйткені, үшінші қала атанған Шымқала өз дәрежесіне сай келбетін сақтауы керек.