Еңбекші аудандық әкімдігі ардагерлерге құрмет көрсетті

366

Ұлы Отан соғысының ардагерлері майданнан оралмаған достарын еске алды. Еңбекші аудандық әкімдігі қарт жауынгерлерді жинап, Жеңіс саябағындағы Сабыр Рахымовтың ескерткіші мен жауынгерлердің ерлік тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Ардагерлер алдымен Кеңес одағының батыры Сабыр Рақымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жылдағы дәстүр бойынша майданнан оралмаған жауынгерлерге арналып қойылған ескертіш тақтаның алдында тағзым етті.

Шымкентте 280-ге жуық ҰОС-ның ардагері болса, соның сексені Еңбекші ауданда тұрады. Барлығы дерлік митингіге қатыса алмады. Жастары тоқсанды алқымдап қалған ардегерлердің төрттен бірі тас мүсіннің алдына келіп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=H_Rof6hBMdg[/youtube]

Ғалымжан Ильясов, Еңбекші ауданының әкімі: «Тек мереке күндері ғана емес, әр күні соғыс ардагерлерін қамқорлығына алып, Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында біраз іс-шара атқарамыз. Тарихты ұмытуға болмайды. Қолымыздағы бейбітшіліктің қадірін сезінуіміз керек.»

Дінмұхаммед Иманбеков, С.Рақымов мектебінің оқушысы:»Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Біз оларға қарап, үлгі алып, құрмет көрсетуге міндеттіміз!»

Ресми шарадан соң Еңбекші аудандық әкімдігі майдангерлерге дастархан жайып, мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Жайылған дастарханға тыл ардагерлері де шақырылыпты. Айта өтейік, Еңбекші ауданында 3500 тыл ардагері өмір сүреді.

Ибадулла Мырзанов, ардагер: «Белоруссияда, Германияда, Польшада соғысқа қатыстым. Жараландым. Қайта бардым. Содан 1948 жылы елге оралдым. Рахмет, жастарға! Аман болсын. Соғыс көрмесін!»

Биыл мерекеге орай ҰОС-ның ардагерлерінің әрқайсысына облыстық бюджет есебінен 111 мың теңгеден сыйақы беріледі. Ал аудан әкімдіктері кәсіпкерлердің көмегімен естелік сыйлықтарын тапсырды.