Жәрдемақы алу жолындағы бір күн

22-012Шымкент қалалық Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының қызметіне көңілі толмаған оқырмандарымыз редакцияға жиі қоңырау шалады. Бірі – шеті мен шегі жоқ құжаттарды жинаудан табанынан тозып жүргенін айтса, екіншілері орталық мамандарының бір күндік жұмыс кестесіне наразы. Енді бірі мамандарының дөрекілігінен мезі болғанын алға тартса, базбірі орталықтың дәлізінде бірде-бір орындықтың жоқ екендігіне ашынады. Редакцияға қоңырау шалған оқырмандардың арасында жүктілікке байланысты тағайындалатын жәрдемақыны есептеу, төлеу және құжат тапсыру тәртібі туралы егжей-тегжейлі жазуымызды өтінгендер де аз болған жоқ. Мәселенің мән-жайын білмек болып, кейіпкер кейпіне ендік.

Жүкті әйелдің жүйкесін тоздыратын кезек

Декреттік демалысқа шығып, жүктілікке байланысты мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемге қол жеткізу мақсатында Шымкент қалалық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына қоңырау шалып, қандай құжаттарды жинастыру керектігін сұрадық.

Ондағы мамандар еңбекке жарамсыз парағын, жеке куәліктің көшірмесі мен мекенжай, жұмыс орнының анықтамасы қажет екенін айтты. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктен ашылған есепшот нөмірі мен бір жылдық айлық табысын растайтын құжаттарды да ала келуіміз керек екен.

Осылардың барлығын рәсімдеп, орталыққа бардық. Мұнда жиналған халықтың қарасы қалың. Бірінің қолында сәбиі болса, екіншісінің етегіне оратылған баласы жүр. Енді бірінің аяғы ауыр. Кезекте тұрғандардың ішінен егде жастағы қарт әжелер мен аталар да табылады. Барлығы аяғынан тік тұр. Себебі, мұнда тізе бүгіп отыратын бір орындық та қарастырылмапты. Айтуларынша, таң атар-атпастан ұзын-сонар кезекке тұрады. Өйткені, орталық түске дейін ғана құжат қабылдайтын көрінеді. Қатарларына қосылдық. Орталық іші абыр-сабыр, у-шу. Балалардың мазасы қашып, қарны ашып, жылап жатыр. Аяғынан тік тұрған халықтың да шаршағаны көрініп тұр. Содан сағат 9.00-де орталыққа келген біздің кезек 12.00 шамасында келіп, кеңесшілер отырған жаққа қарай жылжыдық. Біріне құжаттарымызды көрсете бастағанда «Сіздің құжаттарыңызды қабылдай алмаймын. Өйткені, сіздің мына құжатыңыз дұрыс емес» деген кеңесші қолыма бір жылдық айлық табысым жазылған анықтаманы ұстатты. Апта бойғы еңбегіміздің еш кеткеніне өкініп, «Бұл қалай болғаны? Есеп-қисап бөліміндегілер маған қате анықтама берген бе?» дедік. Айтуларына қарағанда, өздерінің ішінде сатылатын бланкілері бар екен. Соны қолмен толтырып келуіміз керек. Құжаттарымызды көзбен бір сүзіп шыққан бойжеткен, жекеменшік мекемеде қызмет атқаратын болғандықтан тағы да қосымша құжат тапсыруымыз қажет екенін айтып, қолымызға бір жапырақ қағазды ұстатты.

Мәселенің мән-жайын білмек болып Шымкент қалалық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы Несібелі Қаражановаға жолықтық. Ол кісінің айтуынша, жекеменшік мекемелерде істейтін азаматтардан қосымша құжаттар талап етіледі екен. Яғни, жеке кәсіпкердің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі мен салық органына тапсыратын салыстыру актісінің көшірмелерін де өткізуіміз керек. Осы ретте маман құжаттардың таңғы 9.00-ден 13.00-ге дейін ғана қабылданатынын ескертті.

– Түстен кейін мамандар қабыл-данған құ-жаттарды тек-серіп, өңдеп, компьютерлік базаға енгізеді. Қабылданған құжат 7 күннің ішінде тіркеуге алынып, сол бойынша аударымдар жасалынады, – деді Несібелі Қаражанова.

Табанымыздан тозып, басшыға жағдай айтып, жеке кәсіпкердің куәлігі мен рұқсат қағазын зорға сұрап алдық. Есеп-қисап бөліміндегі бас есепшіден салық комитетіне тоқсан сайын өткізетін құжаттарының көшірмесін беруін өтіндік. Бір апта бойы құжаттардың бәрін рәсімдеп жинастырып, орталыққа тағы бардық. Бұл жолы ертерек қамданғандықтан болар, кеңесшінің алдына 10.30 шамасында кірдік. Кеңесші қыз құжаттарымызды мұқият қарап шығып, қабылдап алды. Қолымызға қабылдағаны туралы анықтаманы да ұстатты. Онда біздің декреттік жәрдемақымыздың сомасы мен түсетін уақыты көрсетіліпті. Есікті бетке алғанымыз сол еді маман: «ақшаларыңыз бір айдың көлемінде түспесе хабарласыңыз», деп қағаздың бұрышына телефон нөмірін жазып берді. Айтуынша, министрлік қосымша құжаттарды сұратуы да мүмкін екен. Сондықтан бейқам жүруге болмайтынын ескертті. Осы тұста дәлізде маман мен ер азаматтың жанжалдасып жатқанының куәсі болдық. Әлгі кісі ашуға мініпті. Кеңесші қыз да қалысар емес. Дәлізді басына көтерген айқай-шу орталық басшысының құлағына жетіп, Несібелі Қаражанова дау-дамайдың ортасынан табылды. Мәселенің мән-жайына қанығып, әлгі азаматтың талап-тілектерінің негізсіз екенін түсіндірді. Мәселеден шығу жолдарын да көрсетті. Ал, алдына келген азаматқа сапалы қызмет көрсете алмай, эмоциясына ерік берген маманға қатаң сөгіс жариялады.

Несібелі Қаражанованың айтуынша, мұндай дау-дамайларға кей кезде халықтың өзі себеп болып жатады. Бірі кезек күткісі келмейді, екіншісі мамандардың кеңесіне құлақ түрмейді.

– Мұндайда, біз мамандарға сабырлы болыңдар. Эмоцияның жетегінде кетпеңдер. Халыққа мейлінше сыпайы жауап қайтарып, сауатты қызмет көрсетуге шақырамыз, – дейді басшы.

«Жәрдемақы төленбейді…»

Айтпақшы, құжат тапсырып жүріп, декреттік демалыс-та отырған келіншек-тердің кезекті жүктілігі үшін декреттік жәрдемақыны ала алмайтынын білдік. Сонда бұл қалай? Декреттік демалыс-та отырған әйелдер мемлекет қолдауынан шет қала ма? Жәрдемақыны алуға мүмкіндігі бар ма?» деген сұрақтармен ОҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнуар Ілесбаевқа хабарластық.

Ол да декреттік демалыс-та отырғандардың кезекті жүктілігіне байланысты берілетін жәрдемақыны ала алмайтынын алға тартты.

– Аталмыш әлеуметтік төлем тек жұмыс істейтін әйелдерге ғана арналған және бір рет төленеді. Табыс мөлшері нақты жұмыс істеген мерзіміне қарамастан бала туғанға дейінгі соңғы жылдағы әлеуметтік аударымдар бойынша анықталады. Төлем мөлшерін соңғы жылдың орташа айлық табысын 10% мөлшеріндегі зейнетақы аударымдарын шегерумен еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейтумен білуге болады.

Орташа айлық табыс жыл бойғы жалпы табысты 12 айға бөліп, ал еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициенті жүктілігі және босануына байланысты демалыс күндерінің санын 30 күнге бөлумен анықталады. Дәл осы себепті максималды коэффициент 126/30=4,2 теңеледі.

Осылайша, жұмыс өтілі бар, әлеуметтік аударымдары аударылған әйелдерге ғана әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен декреттік жәрдемақыны тағайындалатынын білдік. Ал декреттік демалыста отырған әйелдер кезекті жүктілігі үшін мемлекет тарапынан бала тууына, күтіміне берілетін жәрдемақыға ғана қол жеткізе алады екен.

Айтпақшы…

– 2013 жылғы 17 ақпаннан бас-тап Еңбек кодексіне өзгертулер енгізілген болатын. Соған сәйкес жүктілігі, босануы бойынша және табысын жоғалтумен байланысты әлеуметтік төлемдерді есептеудің жаңа жүйесі енгізілген. Аталмыш жаңалық тек айлық табысы 199 660 теңгеден артықты құрайтын әйелдерге ғана қатысты. Өзге жағдайларда есептеулер бұрынғы тәсілмен жүргізіледі, – дейді Әнуар Ілесбаев.

Түйін:

Декреттік жәрдемақыға құжат тапсырамыз деп жүріп біраз нәрсеге қанықтық. Таң атпастан, кезекке тұрып, тар дәлізде кептеліп, екі аяғынан тік тұрған халық бір бөлмедегі төрт маманның бетіне телміріп қарап тұруға мәжбүр екеніне көзіміз жетті. Жарты күнін кезекте тұрумен өткізіп, маманның алдына кіре алмағандар да табылады мұнда. Ол аз болғандай, мұндағылардан сұрағыңа жөнді жауап та ала алмайсың. Ұзын-сонар кезек пен том-том болған құжаттарды жинастырудан шаршап, жәрдемақыға «қолын бір сілтеп» кетіп жатқандар да жоқ емес. Ал, мемлекет тарапынан өз үлесін алудан үміттеніп жүргендер табанынан тозып, жүйкесін жұқартып, құжат тапсырып жүр. Халықтың мұңы мен мұқтажын айта отырып, алдағы уақытта осы мәселелер назардан қалмай, ескерілсе екен.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

P.S. Газетіміздің беті қатталып жатқанда Шымкент қалалық Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы Несібелі Қаражанова жуырда жаңа ғимаратқа көшетіндерін жеткізді. Басшының айтуынша, келесі жылдан бастап Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы жаңа, әрі кең ғимаратта қызмет көрсететін болады. Жаңа ғимарат толық заманауи құралдармен жабдықталып, келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалмақ. Яғни, орталыққа келушілер электронды тіркеуге алынып, ретпен кіргізілетін болады.