Аударыспақтан аударып қайтты

Астанада аударыспақтан өткен I ашық Азия чемпионатында Оңтүстіктің белді де білекті палуандары екі салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жетті. Алғаш рет өткізіліп отырған байрақты бәсекеге 11 мемлекеттің білегі жуан, тақымы қатты 33 палуаны қатысты.

26-001

Чемпионат үш салмақ дәрежесінде өтті. Үш салмақтың да алтын медалін қазақстандық жігіттер иемденді. 70 келіге дейінгі салмақта Ермек Жапишев бірінші орын алса, 90 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Сырым Ізбасаров, ал 90 келіден ауыр салмақта тағы бір жерлесіміз Біржан Қосалиев жеңімпаз атанды. Абсолюттік чемпион атанған Біржанға Алтын белбеу тағылып, темір тұлпар табыс етілді. Оңтүстікқазақстандық екі палуанның да бапкері – Жанбатыр Бекмұсаев.

Жеңіспен оралған жерлестерімізді облыстық спорт басқармасының бастығы Әлібек Нұртаев пен ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев марапаттады.

Марапаттау кезінде қос палуан мен олардың бапкері Жанбатырмен сұхбаттасудың сәті түсті.

Жанбатыр Мұсаев, ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің аударыспақ спортынан аға бапкері
Жанбатыр Мұсаев, ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің аударыспақ спортынан аға бапкері

Жанбатыр Мұсаев, ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің аударыспақ спортынан аға бапкері:

– Жеңістеріңіз құтты болсын! Ашық Азия чемпионатына дайындық қалай өтті?

– Бұл жеті жыл ішіндегі ең үлкен жеңісіміз болып отыр. Қазақстаннан үш палуан қатысқан болатын. Үшеуі де алтын алып, командалық есепте бірінші орын алдық. Бұл ашық Азия чемпионатына дайындықты 40 күн бұрын бастадық. Оқу-жаттығу жиындары Меркеде, ал атпен жұмыс жасау жаттығулары Тараз қаласында өтті.

– Аударыспақтың дайындық ерекшеліктері қандай?

– Аударыспақ спортында палуан мен аттың үйлесімділігі болуы шарт. Мұнда палуан да, ат та үлкен маңызға ие. Екеуінің де бабы келіссе ғана жеңіске жетесің. Аударыспақтың атын таңдауда да өзіндік ерекшеліктері бар. Көкпардың жылқысы аударыспаққа жарай бермейді.

Бір-бірінен қорықпай жақын келетін ат қана аударыспаққа тура келеді. Көптеген аттар басқа атқа қарама-қарсы келмейді, жақындамай тұрып алады. Қарсы келген тұста артқа шегіншектеп, сауырын алып қаша берген ат аударыспаққа жарамайды. Омыраулап келгенде, атты итеріп, сүйресе, палуанға күш қосады. Палуандарға арналған физикалық дене жаттығулары бар. Белбаумен көп жұмыс жасаймыз.

– Аударыспаққа икемі бар деген палуандар қалай таңдалады? 

– Оңтүстікте жергілікті көкпар ойындары көп өтіп тұрады. Ауыл-ауылдарда шағын көкпарлар ұйымдастырылады. Соларға барып, шабандоздарды байқаймыз. Арасынан епті, күші мол жігіттерді іріктеп аламыз.

– Азия чемпионатында ереже қалай болды?

– Бұрын 1 балл жүйесінде еді. Қазіргі чемпионаттарда 2 балл жүйесі болып белгіленген. Атпен қағуға, саусақ қайыруға болмайды. Алты баллмен озған палуан таза жеңіске жетеді. Палуандар ұпай жинайды. Қарсыласының аяғын ердің керсеніне дейін көтерген палуанға бір балл беріледі. Қарсыласын ердің үстінен алған палуанға екі балл беріледі. Ал, егер аттың артқы жағына түсірсе, 3 баллға дейін беріледі. Балағаттауға тыйым салынған. Алаңда палуандардың мейлінше сөйлемегені дұрыс. Аттың үстінен түсірсе, таза жеңіс.

Біржан Қосалиев, аударыспақтан Азияның абсолютті чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы
Біржан Қосалиев, аударыспақтан Азияның абсолютті чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы

Біржан Қосалиев, аударыспақтан Азияның абсолютті чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы:

– Біржан, өзің туралы қысқаша айтып өтсең…

– Мен Төлеби ауданының Майбұлақ ауылында туып өстім. Жасым 29-да. 2011 жылдан бері осы аударыспаққа қатысамын. Аударыспаққа көкпар арқылы келдім. 100-107 келі салмақ арасында сайыстарға шығамын. Мал дәрігер мамандығын оқығанмын. Спорттан тыс уақытта мал дәрігері болып қызмет етемін. Үйленгенмін. Бір балам бар. Ашық Азия чемпионатына Астана деген есімді атқа мініп, қатыстым. Тек аударыспаққа мінілетін ат.

– Аударыспақта ең маңыздысы не?

– Аударыспақ – бұл ат үстіндегі күрес. Жердегі күрестен екі есе қиын. Мұнда ең бірінші ат жақсы болуы керек. Қорықпайтын, тайсалмайтын, табандап тұра білетін жылқы ғана палуанға жеңіс алып береді. Ат жасқаншақ болса, тайқып кете беретін болса, онда палуанның мүмкіндігін әлсіретіп, күш-қуатын толық көрсете алмайды.

– Азия чемпионатына қалай іріктеді?

– Азия чемпионатына іріктеу өте мұқият жүргізілді. Өйткені, Азия чемпионаты халықаралық бәсеке болғандықтан, іріктеуден өткен палуандар Қазақстанның намысын қорғайтын еді.

Мұның алдында Қазақстан чемпионаты болды. Сол кезде мен төрт рет кездесу өткізіп, чемпион атандым. Одан кейін оқу-жаттығу жиындарында тағы да іріктеу болды. Сол жерде осы Азия чемпионатына қатысатын болдым.

– Астанада өткен чемпионатта қай елдің палуандарымен «күрестің»?

– Азия чемпионатында да төрт кездесу болды. Алдымен Қытайдан келген қазақ палуанмен, сосын Тәжікстанның жігітімен шықтым. Үшінші боп Өзбекстан палуаны Захид Бухабаевпен ат үстінде белдестім. Захидты он секундта ат үстінен алып ұрдым. Төртінші, ақтық сында қырғыз палуаны Нұрлан Молдақұловпен түстім. Қырғыз палуанын жеңіп, абсолютті чемпион атандым.

– Аударыспақта жеңіске жетудің сыры неде?

– Аударыспақта білектен ұстап және белге байланған белбеуден ұстап күресуге болады. Мұнда, білекке қарағанда, белбеуден ұстаған тиімді. Алып ұруға жақсы. Бірақ, ол үшін палуанның астындағы ат қарсыластың атына жақын барып, жанаса кетуі керек. Әйтпесе, белбеуден ұстау қиын болады. Одан кейін ұстасып тұрғанда астыңдағы атың айналып кетсе де қиын тиеді. Қолды босатып жіберуге тура келеді. Сосын қарсыластың осал тұсын дөп басып таба білу керек.

Сырым Ізбасаров, ОҚО ұлттық спорт мектебінің аударыспақ спортынан бапкері, аударыспақтан 90 келі салмақта Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы
Сырым Ізбасаров, ОҚО ұлттық спорт мектебінің аударыспақ спортынан бапкері, аударыспақтан 90 келі салмақта Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы

Сырым Ізбасаров, ОҚО ұлттық спорт мектебінің аударыспақ спортынан бапкері, аударыспақтан 90 келі салмақта Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы:

– Сырым, қай жерденсің? Сосын, спортқа қалай келгеніңді айтып берші.

– Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылында тудым. Жасым 26-да. Ұлттық спортқа келгеніме алты жыл болды. Көкпардан бастадым.

2008 жылы Көкшетауда көкпардан жастар арасында ел чемпионаты өтіп, соған команда құрамында қатыстық. Сосын ересектер құрамасына өттім. Екі жыл көкпар шауып, одан кейін аударыспаққа ауыстым. Алғашында 80 келі салмақта бастадым. Кейін 90 келіге өттім.

2010 жылы Ақтөбе қаласында жас-тар арасындағы чемпионатта көкпарға да, аударыспаққа да қатыстым. Ол кезде бір адам екі спорт түріне де қатысуына болатын. Бертінде ереже өзгерді. Көкпарға қатысушы, аударыспаққа қатыса алмайды. Қазір осы ұлттық спорт мектебінде бапкер болып жұмыс істеймін.

Ашық Азия чемпионатына Бақторы деген қазақтың қарабайыр тұқымдас жылқысымен қатыстым.

– Аударыспақтың аты мен палуанға бірінші не керек?

– Аударыспаққа ат таңдағанда жүрдек атқа көңіл бөлінеді. Жуас ат аударыспақтың ережелеріне тез үйренеді. Ат секіріп кетіп, не құлап қалса жеңіліс табасың.

Палуан үшін, ең маңыздысы ат үстінде отыра білу. Ат үстіндегі икемділік. Қалғанын жаттығу барысында жетілдіріп алуға болады. Қара күш те қажет. Бірақ, күшті орнымен жұмсай білетін ептілік болмаса бекер.

– Келесі ашық Азия чемпионаты 2016 жылы Қытайда өтеді. Сол бәсекеге осы уақыттан дайындап жатқан, жалпы алдағы уақытта болатын чемпионаттарда топ жарады деп үміт күттіретін шәкірттерің бар ма?

– Иә, бар. Мысалы, 80 келіде Рахматулла Есімхан деген шәкіртім бар. Өткен жылы Қарағанды қаласында жастар арасында өткен чемпионатта бірінші орын алды. 50 келіде Алмасбек Мамытбеков деген жігіт бар. Негізі, аударыспақ бес салмақтан өтеді. Жастар арасындағы жарыстар 50 келіден, ал ересектер арасында 60 келіден басталады.

Қытайға баратындар келесі жылы жазда болатын Қазақстан чемпионатында анықталады. Тек мықтылар ғана Қытайдағы жарысқа жіберіледі.

Жәнібек Нұрыш