Оңтүстікте мемлекеттік тапсырыстан 54 мамандық алып тасталмақ

356

Оңтүстікте мемлекеттік тапсырыстан 54 мамандық алынып тасталмақ. Мәселен, бұдан былай өңіріміз экономист, юрист, аудитор мамандықтары бойынша үкіметтен гранттар сұрамайды. Өйткені, олар нарықта аса көп. Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қазақстан республикасының вице-премьері Гүлшара Әбдықалықованың Оңтүстікке жасаған іс-сапары кезінде мәлімдеді.

Сондай-ақ, өңір басшысы кәсіптік білім беруді үкіметтік деңгейде кешенді түрде қайта қарау қажет дейді. Сонда бірнеше мәселені анықтауға болады. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы вице-премьерге жастарды ел экономикасына қажетті мамандықтарға дайындап, жұмысқа орналастыру үшін нақты үш ұсыныс айтты.

 

imagesАсқар Мырзахметов, ОҚО әкімі: «Бүгінгі таңда өндіріске бірінші кезекте не керек? Техникалық мамандар қажет. Дәнекерлеуші, электрші деген сияқты. Болмаса, тікелей өндіріске байланысты мамандар керек. Соған байланысты тапсырыс қалыптастырып отырмыз. Осы орайда жалпы Қазақстанның өңірлерінде мемлекеттік тапсырыстың жағдайы қандай? Қалай мемлекеттік тапсырыс қалыптасып отыр? Ол жерде аз ақша бөлініп отырған жоқ. Біздің облысымыздың өзіне жылда мемлекеттік тапсырыспен бірнеше миллиард теңге бөлінеді. Ал енді әр облысқа қаншама қаржы бөлініп жатыр? Біз өзіміз осындай талап қойып отырмыз. Мемлекеттік тапсырыс қабылданатын кезде өзіміздің облыста қабылданған шешім бойынша аудан әкімдеріне талап қойып отырмыз. Айталық, келесі оқу жылына мемлекеттік тапсырыс берілетін кезде әр ауданның әкімі біздің ауданның экономикасына мынадай мамандар керек деп ұсынуы қажет. Біз соған қарап мемлекеттік тапсырыста мына ауданға мынадай мынанша мамандар қажет деп айтамыз. Өйткені, тапсырыстан кейін олардың жұмысқа тұру мәселесі туындайды. Оны өзімізде қабылдадық. Бірақ, ол жүз пайыз болмайтын шығар? Дегенменде, талап қазір осылай қойылып отыр. Ол жерден үнемделген ақшаға жаңағы дуальдық болсын, басқа да білім беру жүйесін дамытуға жұмсауға болады.

Екіншіден, өзіміз облыста заманауи технологиясы бар кәсіпорындардың тізімін жасадық. Айталық, ауыл шарушылығы саласы бола ма, өнеркәсіп саласы бола ма – сөйттік те олармен келісім-шартқа отырдық. Сөйтіп, оларға міндеттеме жүктедік. Міне, бізде мынадай кәсіптік лицей бар, колледж бар. Сендегі технологияның бәрі дұрыс. Сондықтан мына жерде біздің жастар практикадан өтетін болсын деп, өзіміз мазмұнын жасап отырмыз. Бірақ, бұл жерде біраз нормативтік тұрғыдан проблемалар туындап отыр. Яғни, сол нормативтік актілер үкіметтік дейңгейде қабылдану керегі анықталып отыр. Сол жөнінде құқықтық актілер қабылданатын болса, осының бәрін реттейтін болсақ, онда өзімізге жеңілдеу болар еді.

Үшіншіден, жастар практикасын қатысты да өзіміз шешім қабылдап отырмыз. Бұл жерде де үкімет тарапынан ешқандай шешім қабылданған жоқ. Егер жастар практикасы бойынша әлеуметтік жұмыс орны ашылса, бағдарлама орындалған болып есептелінеді. Солай ғой? Айталық, жас маман 6 айда бір кәсіпорынға жұмысқа тұрады. Біз кәсіпорынның директорына немесе басшылығына айтып отырмыз – міне, штатыңа 6 айға қосымша қызмет аласың. Оны айлығына байланысты бюджет төлеп береді. Ал енді оқуды бітіргеннен кейін маман сол жерде тұрақты түрде жұмыста қалатын болсын. Егер шын мәнінде 6 ай жұмыс жасаған азамат өз біліктілігін көрсетсе, оның тиімділігіне көзің жетсе, онда 6 айдан кейін жас маманды практика бітіп қалды деп, шығарып тастамай, сен өзіңде қалдыр оны. Осыны да нормативтік тұрғыда рәсімдесек.»