«Өзекті тақырыптарды қозғайтын қойылымдар ұсынбақпыз»

631

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары – Шымкент жастар театрының директоры Орал Камал және театрдың жас әртістері Сапарбек Қойшыбай, Ардана Бектөре.

– Шымкент жастар театры ең алғаш қуыршақ театры болып ашылған екен, атының да затының да өзгеруіне не себеп?

– Осыдан бір жыл бұрын «Балақай» қуыршақ театры болып ашылған болатын. Ол тек қана жас бүлдіршіндерімізге арналған-тын. Қыркүйек айында атымызды өзгертіп қоғамдағы өзекті мәселелерді спектакль арқылы, драма арқылы көрсеткіміз келді. Жол сілтеген ағаларымыздың көмегімен ерікті жастарды шақырып, кастинг өткіздік. Жас театрымызға талантты да, талапты жастарды қабылдадық.

– Құрамы өзгерді ме, қанша адам бар?

– Қазіргі таңда 10 әртіс бар, техникалық құрам бар. Күні ертең болатын «Шымкент жастар теарының» алғашқы премьерасы «Жамандыққа жақсылық атты қойылымын ұсынбақпыз. Ардана Бектөреқызы басты рольде ойнайды. Өте талантты әртіс. Саз колледжінің 4 курс студенті. Сапарбек Қойшыбай – М. Сапарбаев атындағы ОҚПИ студенті. Өзіндік орны бар әнші. Халықаралық байқаулардың лауреаты екеуі де.

– Ардана, басты рольді ойнау үлкен дайындықты қажет етеді. Қобалжу бар ма?

– Қобалжу бар, әрине. Себебі өзекті тақырыпты көтеретін қойылымда басты рольді сомдауым үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен үшін үлкен мәртебе. Осы рольді жақсы деңгейде алып шығамын деген ойдамын.

– Сапарбек, өзің қандай рольді сомдамақсың?

– Ертеңгі болатын қойылымда маған роль бұйырған жоқ. Өйткені ол қойылымда жеті ару ойнайды. Болашақта жаңа қойылымдарда салмақты да салиқалы роль бұйырар деген үміттемін.

– Неге осы қойылымды таңдадыңыздар?

– «Жамандыққа жақсылық» қойылымының авторы Қазақстан мәдениет қайраткері, «Отырар» кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова апайымыз. Бұл ой маған Алматыдан Шымкентке келе жатқанымда бір кісі бүгінгі қоғамның дертіне айналған – баланы далаға тастап кету сынды мәселені қозғады. Өзекті өртер бұл мәселе түнімен таңға дейін маза бермеді. Күлия апайымның «Анаға тағзым» атты кітабын оқыған едім. О кісінің қабылдауында болдым. Маған жөн сілтеп, жол көрсетті. «Жамандыққа жақсылық» қойылымының басты тақырыбы тастанды балалар. Жеті келіншектің тағдыры баяндалады. Олардың арасында бала көтере алмай жүрген, баласын тастап бара жатқан келіншектердің тағыдыры көрініс табады. Алдағы уақытта қоғамдағы ащы ақиқатты ашып көрсететін, өзекті мәселелерді қозғайтын қойылымдарды қоятын боламыз.