Өткен аптада Ақтау қаласында орын алған апаттың себеп салдары анықталу үстінде. Қазір қаза болғандар анықталып, олардың туған-туысқандарына қаралы хабар жеткізілді.
Мерт болған 8 азаматтың 5-уі Өзбекстанның тумасы. Қалғаны 2-уі Шымкенттен, тағы біреуі Ақтаудың тұрғыны екен.
Айта кететін бір жайт, тірідей жанып кеткендерді жұмысқа жалдаған «ЖайықСтройлюкс» компаниясы екі жақты еңбек шартын жасамапты да. Өлім құшқан өрімдей жігіттердің туғандары қайғылы хабарға жұмыс берушілер кінәлі дейді.
Шынында да Мұнай жинайтын қазандықтарды тазарту кезінде қауіпсіздік ережелері мүлдем ескерілмеген. «ҚазТрансОйлге» қарасты бұл ірі қазандықтарда мұнай сақталады. Бірақ болат бөшкелерді қоқыстан тазарту «ЖайықСтройЛюкс» мердігер компаниясына тиесілі екен. Тендерді ұтып алғандар бұл жұмысты «ҚұтқұрылысБастау» серіктестігіне тапсырған. Ал олар тәжірибесі аз азаматтарды қауіпті аймақтағы жұмысқа жеккен.
СЕРІКҚАЛИ БИСАҚАЕВ — АРНАЙЫ ҚҰРЫЛҒАН ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Ереже бойынша ол жерде тек қана квалификациясы бар, арнайы экзамен алынған адамдар ғана келіп істеу керек. Ол бәрі ережеде жазылған. Өкінішке орай, қазір біз таң қалып отырған бір мәселе, мына Өзбекстан мен Қарақалпақстанның азаматтары қалай бұл жерге келген. Осыған байланысты иммиграциялық полиция жұмыс істеп жатыр. Қалай келді, қайтіп келді? Бірақ ол жерге жұмыс істеуге құжаттары берілмеген. Ондай түк құжат жоқ.
Осыдан алты күн бұрын орын алған қайғылы оқиғаның олқылығы әлі де көп сияқты. Қазір Ақтау қаласының ішкі істер басқармасы «Қазтрансойл» компаниясына тиесілі мұнай айдау станциясында орын алған апаттың себеп-салдарын анықтауда. Үкіметтік комиссия зерттеудің қорытындысын он күннен кейін жариялаймыз деп отыр. Әліптің артын бақсақ, жұмбақ болған ақиқаттың жауабына қанығамыз, бұйыртса.