Күйеуге шыққан Тоғжан арада төрт ай өтпей мүгедек болып қалды

І топтағы мүгедекке айналды 2

Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ. Жол апатына тап болған түркістандық келіншек Тоғжан Әбілқасымова заң орындарына өкпелі. Өйткені, осы жылдың наурыз айында ғана күйеуге шыққан Тоғжан арада төрт ай өтпей бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Төсек тартып жатып қалған ол қазір басын да көтере алмайды. Дәрігерлер қозғалуға тыйым салыпты.

Ал көлік апаты шілде айының он бірі күні болыпты. Түнгі екілер шамасында жол шетіне тоқтап, жолаушыларды отырғызып жатқан жеңіл көлікті басқа бір көлік қатты жылдамдықпен келіп соққан. Оның сөзінше МАИ қызметкерлері жәбір шеккен отбасына болысудың орнына екінші тараптың ісін бүркемелеп, әне ашамыз, міне ашамыз деумен келеді. 4 айдан бері созбалаңға салынған істің нәтижесінде шарасыз қалған отбасы материалдық шығынымен қоймай, моральдық қысымға да тап болуда.

Такси жүргізушісі Болат Өтемәлі көлігімен жол жиегінде тұрған сәтінде «Джип Прадо» маркалы теміртұлпардың арттарынан келіп соққанын айтады. Нәтижесінде қатты соққының салдарынан жол шетіне шығып кеткен көліктегі қос жолаушы мен жүргізуші зардап шегеді. Зәбірдің көкесін осылайша Тоғжан Әбілқасымова тартуда.

Тоғжан ӘБІЛҚАСЫМОВА, жәбірленуші: «Заң орындарынан ешқандай нақты шешім көріп жатқан жоқпын. Әлі күнге дейін ешқандай тергеушінің маған келіп,  оқиғаның мән-жайын да сұраған жоқ. Қаққан адамға келетін болсақ ол адам үйге келіп, менен кешірім сұрамақ түгілі ол адамның түрін көрген де емеспін».

Ең ауыры дәрігерлер науқастың үш айлық шаранасын алып тастауға мәжбүр болыпты. Содан бері Тоғжан Әбілқасымова ауруханаға қаралумен келеді. Нейрохирург Асқар Бақтияровтың айтуынша, Тоғжандағы қосарланған жарақат. Жәбірленушінің бас миының шайқалуына қоса жұлын омыртқаның ауыр жарақаты болған. Және де екінші омыртқасы сынып, ығысқан. Соның сыну нәтижесінде жұлынның өткізгіштік қасиетінің төмендеуі байқалған.

Ал жолдасы Ғалымжанның төрт айдан бері шағым айтып бармаған жері жоқ. Құзырлы орган басшылары қылмыстық істі сотқа әне жібереміз, міне жібереміз деп әдейі созбалаңға салып отыр дейді. Жәбірленуші осындай азап тартып жатса да кінәлілер жазасыз қалып, емін еркін жүр.

Ғалымжан ӘБДІКӘРІМОВ, жәбірленушінің жолдасы: «Көлікті қаққан адамның баласы ішкі істер бөлімінде капитан шенінде учаскелік полицей болып жұмыс істейді. Ол осы қызметін асыра пайдаланып, іске белсене кіріскенініңнәтижесінде мәселенің ашылуы созылып жатыр деп ойлаймын».

Ішкі істер қызметкерлері қылмыстық істі тіпті, өндірістен қысқартпақ та болыпты. Оны прокуратура өкілдері растап отыр. Істі жауып тастау туралы ұсынысты қайтарып жібергенбіз дейді. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына қатысты мән-жайлардың созбалаңға салынғанын жоққа шығармайды.

Артықбек ПАШАЕВ, Түркістан қаласының прокуроры: «Бірінші оқиға болған кезде, яғни 10 шілде күні анықтау жұмыстарын шұғыл жүргізу керек еді. Алайда бұл жерде МАИ қызметкерлері араласып, іс бір ай бойы МАИ қызметкерлерінің қолында жүріп қалған».

Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Серік Шалқаров та бұл жағдайдан хабардар. Істі тергеуде тәртіп сақшыларының қандай қателікке жол бергенін тексереміз деп ақталды. Ал қылмыстық істің негіліктен бірнеше айдан бері сот қарауына өтпей жатқанын жергілікті сараптамаға күмән бар екенімен түсіндіреді. Шымкентте қазір осы мәселені реттеу үшін анықтау бөлімінің бастығы жүрген көрінеді. Осылайша мұны Шалқаров мырза өз бақылауына алғанын байқатты.

Сонымен жергілікті ішкі істер басқармасы мен қалалық прокуратура басшылары қылмыстық істі сотқа осы аптада жібереміз деп отыр. Дегенмен жәбірленуші жақ құзырлы орган басшылары айтқан сөзінде тұрмаса Астанаға шағым айтып барамыз дейді. Ал апат салдарынан омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған Тоғжанды аяғына тұрып кетуі үшін шетелге операцияға жіберу қажет дейді дәрігерлер. Міне бұл біздің қоғамның шынайы көрінісі.