Кәсіпкерлерге субсидия көп бөлінеді

Кәсіпкерлер көкейдегі сауалға тұшымды жауап алды

Әлемде «ғаламдық кәсіпкерлер апталығы» басталды. Ауқымды шара барысында Даму қорының жергілікті филиалы ашық есік өткізді. Жиынға елдегі атаулы бірқатар банктердің, облыс­тық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының, сондай ақ бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты. Негізінен күн тәртібінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасының кең мүмкіндіктері талқыланды.

Басқосуда нәсіп еткен кәсіпті қолдаудың мемлекеттік іс -шаралары талқы таразысына түсті. Нақтысы, субсидия бөлу мен кепілдеме жасау, біліктілікті арттыру секілді инвестициялық мүмкіндіктер тұздық болды. Кәсіпкерлер тиісті қаржы саласы­ның мамандарының жеке кеңестеріне шөл қандырды.

Сонымен кәсіпкерлікке қолдау көрсету жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл ретте елдегі екінші деңгейдегі банктер жеке бастамашыларды несиелеуге құлшыныс танытып отырғанын айтқан жөн.

Биылғы жылы «Бизнестің Жол картасы -2020» бағдарламасы аясында атқарылған істерде ілгерілік байқалады. Жыл басынан бері ОҚО-да жалпы соммасы 17 млрд теңгені құрайтын 51 жоба мақұлданған. Ірі жобаларды қаржыландыратын банктердің кәсіпкерлікті қолдауы да көңілге қонымды. Жалпы облыста кәсіпкерлік құрылымдарын қаржылай қолдау 3 деңгейде – екінші дәрежелі банктер, қоғамдық қорлар мен микрокредиттік ұйымдар арқылы жүргізілуде. Қысқасы соңғы уақытта Шымшаһардың индустриалды даму жаңа деңгейден көрінді.

Ұзынқұлақтың дерегі бойынша облыста тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 142 мыңға жуықтаған. Оның ішінде жеке тұлғалардың саны 115 мыңның ары берісі. Өткеннің осы күнімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік құрылымдарының саны 11пайызға артыпты. Қазірге дейін «Дамудың» жәшігіне жобасын әртараптандырып индустрияландыруға субсидиялау және кепілдендіруге 66 өтініш түсіпті. Соның 32 қолдауға ие болыпты. Қалған 12 сі жыл соңына дейін бақытқа қол жеткізбек.