Көше қазудан «жарыс» басталды

207

Шымкенттің көше жолдарын қазуда коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер тіпті жарыс ұйымдастыратын секілді. Былтырғы жылы «Казтрансгаз Аймақ» АҚ-ның жолдарды қазып, құбыр өткізгені есімізде. Биыл бұл эстафетаны «3- Энергоорталығы» қабылдағандай. Нәтижесінде тек орталық көшелерде 15 үлкен шұқырлар пайда болған. Құзырлы орган басшылары қай көшелермен жүреді, оларды неге бұл мәселе қызықтырмайды дейді көлік жүргізушілері мен жолаушылар.

Ойдым-ойдым шұқырға толы жолдарды осындай халге келтіргендер, оны жамап-жөндеуге келгенде құлықсыз. Жауапты мекемелер де жым-жырт. Ең бастысы құрылысқа тапсырыс беруші қала әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімі Адырбеков көшесінің Төле би-ден Рысқұловқа дейінгі төрт шақырымға жуық аумағын асфальттауға 169 млн. теңге қаржы бөлген еді. Ол қаржының қалай жұмсалғанын көшенің қазіргі күйінен байқау қиын емес. Тақтайдай тегіс асфальт төселуі қажет жолдың осындай күйге түсуіне ең бірінші жылу құбырларын алмастырған «3-энергоорталық» АҚ жауапты. Оған қоса, қазылған жолды жамаған мердігер мекеме де кінәсіз емес. Ол » Түркістан жол сервис»  ЖШС. Жауапкершілікті бір-біріне сілтеген мемлекеттік мекеме мамандары да сапасыз жұмысқа жауап бергісі келмейді.

Таяқтың бір ұшы тиген МАИ қызметкерлері болса, көше жолдарын қазатын мекемелерге 5 рет хаттама түзіп, ескерту жасап, әкімшілік айыппұл салғандарын айтады. Бұл мәселе әрбір жауапты мекеме басшысы қиындықтан жалтармай, өз ісіне жауап бергенде ғана түзеледі дейді погондылар. Ал оған дейін жолаушылар мен көлік жүргізушілері зардап шегуге мәжбүр.