Шымкенттегі Абай аудандық сотында көлік тасымалдаушылардың сот процесі мәресіне жетті. Еске салайық, қыркүйек айында Кедендік бақылау департаменті кедендік заңнамаларды бұзып, шетелден көлік тасымалдаған 10 азаматқа миллиондаған талап-арыз қойған болатын. Сөйтіп, кедендік өкіл мемлекетке келген шығын көлемін ондаған миллион теңгеге бағалады. Оның сөзінше көлік тасымалдаушылар шетелден келген көліктердің шығу мерзімін жолын тауып өшіріп, кедендік рәсімдеуден арнайы жеңілдетілген баға бойынша өткізген. Ал қарсы тарап бұл талаптарды мойындамай, қажетті қаржыны төлеуден бас тартты.
Сот процесіне 10-нан аса жауапкер қатысты. Сот отырыстарының тыңдауы бірнеше аптаға созылды. «Тойота» және «БМВ» компаниялары өкілдерінің дәйектері тыңдалған соң соңғы сөздің нүктесін сот қойды. Сөйтіп, шетелдік теміртұлпарлардың шыққан уақытының кедендік декларацияға жалған жазылғаны белгілі болды. Сотқа жауап беру жауапкершілігінен кедендіктер де қалыс қалған жоқ. Олар кедендік рәсімдеуден көлікті не себепті заңсыз өткізгендіктеріне жауап берді.
Акылбек Елшібаев, Абай аудандық сотының төрағасы:
«Кедендік орындардың талап етіп отырған барлық талап-арыздары, яғни көліктердің шыққан уақытының жалған жазылғаны қанағаттандырылды. Бүгінгі күні кедендіктердің үстінен қатаң бақылау жүруде. Егер де қылмысқа қатысты бір айғақ табылар болса олар да Заң алдында жауап беретін болады».
Сот үкімі оқылғаннан соң бірқатар көлік тасымалдаушылар шешімге разы еместігін айтып, қайта қарауға беретіндерін білдірді. Бірақ жоғары мәртебелі сот сот акітісін сол күшінде қалдырды. Осыған қарағанда енді көлік тасымалдаушыларына мемлекет қазынасына миллиондаған теңгені төлеуіне тура келеді.