Мейрамбек Беспаевтың «Өнеге» журналы

350

Шымкент қалалық әкімдігінде қазақтың аяулы ұлы Мейрамбек Бесбаев БАҚ өкілдерімен кездесті. Журналистермен басқосудың негізгі мақсаты әншінің өзі басшылық ететін «Өнеге» журналын халыққа таныстыру. Республикалық «Өнеге» сазды-танымдық журналы 2011 жылдың қаңтар айынан бастап жарыққа шыққан.

Бағыты басқа журналдармен бір болғанымен бағамдауы басқа бұл басылым ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тіл мен діл, мәдениет пен әдебиеттің жанашыры боп, жалпы қоғамда өзіндік ізі бар тұлғалардың өнегесін елге паш етуді мақсат тұтқан. Қазіргі таңда қаптап кеткен қара пиярмен жарнама жасағыш, өсек-аяңмен асығын артыратын арзанқол жалтылдаған журналдардан еректендірер де ерекшелігі де ерен.

Айтпақшы, «Өнегенің» таралу аймағы артып жатыр. Келесі айдан бастап, өрнегі өзгеше «Өнеге» журналын көрші Қытай еліндегі қандастарымызда оқи алатын болады. Қазақ баспасөзінде мәдениет әлемінің тыныс тіршілігінен хабардар етер жаңа басылым сапалы, шынайы мақалаларымен құнды. Жарты жылға жазылу бағасы – 1200 теңге, ал бір жылға 2400 теңге екенін құлақтарыңызға алтын сырға еткіміз келеді. Ескерерсіз.

Сатылымда бағасы бар-жоғы 200-250 теңгеден аспайтын 80 беттік журналдың өнерсүйер халыққа берері мол. Мұны Шымкент қаласычның әкімі Арман Жетпісбаев та атап өтті. Сөйтіп Оңтүстіктің журналистерімен өткен басқосуда шахар басшысы А.Жетпісбаев әнімен миллиондардың жүрегін жаулаған Бесбаевқа естелік сыйлық тарту етті.