Тараздық жанкешті терактіні жасамас бұрын имаммен сұхбаттасқан

Таразда болған терактіні жасаған жанкешті егер Құдайға сенбейтіндерге қарсы өзін-өзі жаратын болса мұнан кейінгі өмірі не болатынын имамнан сұраған екен. Бүгінге дейінгі келіп түскен ақпарат бойынша осы жарылыс салдарынан жеті адам жер құшқан болатын. Бұл ақпаратты Tengrinews.kz агенттігінің тілшісі Жамбыл облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Марат Қожаевтың сілтемесіне байланысты жариялады. «Мұндай болжамды (жиһадпен байланыстылығы – автор түсіндірмесі бойынша) біз шұғыл іздеу барысында келіп түскен ақпаратқа байланысты айтып отырмыз. Яғни, жанкешті Кариев Көкшетауда тұрған кезінде рухани орындарға барып, егер де кәпірлерге қарсы жарылыс жасайтын болса мұнан кейінгі жағдайы туралы сұрастырған. Бұл ақпарды қазір біздің қызметкерлеріміз анықтау үстінде», – дейді Қожаев. Сондай-ақ, ол Кариевтің қолдан жасалған жарылғыш зат қолданғанын, ол заттың киімінің белінен төмен жағында болғанын да айтып өтті.

Марат Қожаев, Жамбыл облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары: «Ол біздің қызметкерлерімізді өлтіруге саналы түрде барған. Яғни, жанкештіні аңдыған полицияның потрульдік көлігін көргенде қашудың орнына, тәртіп сақшыларына қарсы жүрген. Сөйтіп, соғысты өзі бірінші ашқан. Нәтижесінде екі әріптесіміз жарақаттанды. Капитан Байтасов кеудесінен жарақаттанды. Оқиға барысында ол қылмыскерді ұстап алып, жерге жатқызып, ұстамақ болған. Дегенмен, сол сәтте жанкешті өзін-өзі жарып жіберген. Біздің капитан Байтасов осылайша батырлық танытты. Ол МАИ взводының окмандирі болатын».

Мұнан бөлек Таразда болған баспасөз конференциясында қылмыскердің жалғыз өзі әрекет еткені айтылды. Құқыққорғау орындары әзірге Кариевтің сыбайластары болған-болмағаны туралы анықтай алмай отыр. «Тергеудің бастапқы сатысында ешкім де нақты сөз айта алмайды. Біз Кариевтің бұл жанкештілігі жайлы тергеу амалдарын жүргізіп, оның туыстары мен араласу ортасын зерттейтін боламыз. Және оның не себепті мұндай әрекетке барғанын да анықтаймыз», – деді Марат Қожаев. Айта өткен жөн, жарақаттанғандардың үшеуі құқыққорғау орындарының қызметкерлері. Оқпен жараланушылардың екеуі қазір ауруханада жатыр.