Аязды ауа-райы токсикология бөліміне түсетін науқастардың қатарын қалыңдата түсті. Үсіп қалғандармен бірге, күнделікті ем алушылар да жетерлік. Ендібіреулері жазатайым жағдаймен ақ халаттылардың көмегіне жүгінсе, кейбірі ішімдіктің қармауына ілігіп, ақырында аурухананың төсегіне таңылуда.
Күйік бөлімінің процедуралық кабинетінде дәрігерлер суықтан ісінген денеден дәкені ажыратуда. Кейбір зардап шеккендер ауырсынады. Ал өзге біреулері тіпті сезінер де емес. Өйткені мұндай жағдайда көбінесе тіндер жансызданады. Дәрігерлер адам өмірін сақтап қалу үшін кейде соңғы тәсілдерді қолдануға да мәжбүр болады.
Мұнда әрбір емделуші түрлі жағдаймен келген. Бірінің көлігі айдалада қалып қойса, бірі көшеде құлап есінен танып, нәтижесінде көшеде үсіп қалған. Мұндай диагнозбен бөілмде 6 емделуші жатыр. Токсиколог-дәрігерлерге күн суығалы тыным жоқ. Желтоқсан айында бөлімге 32 адам орта және ауыр дәрежеде көмірқышқыл газымен иістеніп түскен. Бүгіннің өзінде мұнда бүтіндей бір жанұя жатқызылды.
Карима мен оның балалары ауруханадан бүгін шығарылады. Ал токсикология бөлімі жаңа емделушілерді қабылдауға кірісті. Ендігі кезекте әдеттегідей мереке қарсаңында этиль спиртімен уланғандар тұр.