«Тәуелсіздік алтын бесігім!» атты Президенттік шыршатой өтті. ОҚО-ның аудан-қалаларынан арнайы шақырылған 200 ұл-қыз бүгін облыс әкімімен бірге жаңа жылдық шырша мерекесіне қатысты. Олардың барлығы оқу озаттары. Асқар Исабекұлы балғындардың қуанышымен бөлісіп, оларға сыйлықтар тарту етті.
Ел президентінің құттықтауын тікелей байланыста естіп, шырша тойына қатысқан балғындардың есінде бұл сәттер ұзақ сақталары сөзсіз. Түрлі түсті костюм киіп, мерекеге ән, би дайындап келген олар облыс әкімімен бірге сиқырлы шырша шамын да жақты.
Төлеби ауданынан келген 3-сыныптың үздік оқушысы Ақбота Бостан әннен шашу шашты. Ол мерекеге арнайы дайындаған ән Жаңа жыл деп аталады.
Президент шыршасына аудан-қалалардан келген ұл-қыздардың барлығына әкім ағалары сыйлық тарту етті. Ол спорттық киім, жылы күртеше, оқуға қажетті құралдар мен тәттілер болатын. Ертегі кейіпкерлерімен бірге безендірілген жасыл шыршаны айнала өлең айтып, би билеген балғындар қимастықпен қоштасты.