Шымкентте тағы бір отбасы үшемдермен толықты

485
Нұрсәттегі үшем

Екі қыз бен бір ұлдың бір уақытта дүниеге келуіне ата-аналарынан бұрын «Нұрсәт» шағынауданындағы перинаталдық орталықтың дәрігерлері қуануда. Себебі, орталық жұмысын бастаған бір жылдан бері, үшемдер туылған емес. Тарихи жағдай деп біледі мұны олар.

Інжу, Арман, Маржан. Қаңтар айының 18-і күні жарық дүние есігін ашқан сәбилердің атын туыстары осылай атапты. Алғашқысы қыз бала 2.900 гр. салмақпен туылса, артынша ұл бала 2.430 грамм, ал кенже қыз 1.950 грамм салмақпен ата-анасының бақытына аман келді өмірге. Құйтақандай болғанымен, үшеуінің мінезі үш түрлі.

Айгерім Белгібаева, үшемдердің анасы: «Үлкенім салмақты, ұл бала әкесіне ұқсайды, кішкентайымыз өте пысық…»

Сәбилердің әкесі Құрманбек балаларын бірінен кейін бірін көтеріп, жұпарын рахаттана иіскейді. Үшемдердің әкесі болатындығын алғаш рет естігенде абыржігені бар. Ал қазір төбесі көкке бір елі ғана жетпейтін сияқты.

Құрманбек Әбдіқұлов, үшемдердің әкесі: «Бірінші кезде қорқып едік, құдайға шүкір қуаныштымыз, көптен күткен сәбилерім еді.»

Інжу, Арман және Маржан екі-үш күнде аналарымен бірге үйлеріне шығарылады. Денсаулықтары жақсы. Оларды үйінде Алуа есімді төрт жасар әпкесі асыға күтіп отыр.

Орталық өз жұмысын бастағалы бері мұнда 69 егіз бала дүниеге келіпті. Ал алғашқы үшемдері осы нәрестелер. Орталықтың тарихи кітапшасына еніп отыр.